Кездесу кезінде екі ел президенттері кеше келіскен бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтсақ, сауда-экономикалық қарым-қатынас, туризм саласы, аймақтағы су-энергетикалық ресурстарды пайдалану, еңбек көші-қонына қатысты проблемалар мен шекарадағы бақылауға қатысты әңгіме өрбіді. Сондай-ақ, Қазақстанның жерге қашықтан зонд жүргізетін жер серігін көрші елдің пайдалануы, көлік және коммуникациялар саласындағы ықпалдастық тақырыбы да назардан тыс қалған жоқ.
“Біз президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында сізбен келісілген мәселелердің тиімді жүзеге асырылуына барынша күш саламыз», -деп мәлімдеді Даниал Ахметов.
Премьер-министрдің айтуынша, келісім-шарттарды әзірлеуде екі елдің үкіметаралық комиссиясының маңызы зор. Бүгінгі таңда бірқатар көкейкесті мәселелердің шешімі қарастырылып отыр.
Екі мемлекеттің терең тарихи байланысы мен геосаяси жақтарын атап өткен премьер-министр, көрші ел экономикасының тұрақты дамуына барынша қол ұшын беруге Қазақстан үкіметінің дайын екенін жеткізді.
Қ.Бакиев өз кезегінде екі жақты тиімді қарым-қатынастың болашағына үміт артты.
“Біз Қазақстан ивестициясын тартуға барынша күш саламыз”,-деп сендірді ол.
Қазақстан инвестициясы әуелі энергетика саласына жұмсалады деп жоспарлануда. “Бұл Қырғызстандағы электр қуатын өндіру базасын нығайту арқылы Қазақстанға Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы электр энергиясына қатысты проблемаларды шешуге жол ашады”,- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Даниал Ахметов энергетика және минералды ресурстар министрі Бақтықожа Ізмұхамбетовке жұмыс тобын басқарып, келесі аптада электрэнергетикасы саласын дамытумен айналысатын бірлескен кәсіпорын құру мүмкіндігін қарастыру үшін Қырғызстанға барып қайтуды тапсырды.