Қазақстан президенті 2007-жылдың қаңтар айында ресми сапармен Германияға барады

"Келесі жылы қаңтар айында Қазақстан президенті ресми сапармен Германияға барады", деп Қ.Тоқаев Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесуден кейін мәлім етті. "Біз осынау маңызды оқиғаға мұқият дайындалу қажет деген ортақ пікірге келдік",- деді бас дипломат.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, Германия - Қазақстанның Еуропа құрлығындағы шешуші әріптесі болып табылады. "Біздің өзара әріптестігіміз ауқымды экономикалық ынтымақтастық тұғырына, белсенді саяси диалогқа, ғаламдық және аймақтық саясаттың шешуші мәселелері бойынша екі ел ұстанымының ортақтығына негізделеді",- деді ол.

"Әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық мақсатқа сай біз ГФР-дың озық өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық әлеуетін пайдаланудан мүдделіміз",- деді Қ.Тоқаев.

Министрдің айтуынша, кейінгі екі жылда Қазақстан мен Германия арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 2006-жылдың қорытындысы бойынша 2 млрд. долларға жетті.

"Қазақстан Германияның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі орнын иемденуге деген талпынысын қолдайды. Өз кезегінде біз Германия басшылығына Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына 2009-жылы төраға болуға ұсынған кандидатурасын қолдағаны үшін алғысымызды айтамыз",- деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан СІМ-нің айтуынша, кездесу барысында тараптар халықаралық құрылымдар аясында екі елдің арақатынасын дамытуға келісті. "Халықаралық қарым-қатынас тұрғысында екі мемлекеттің ұстанымы көп жағдайда өзара қабысады. Әсіресе бұл ядролық қару таратпау, экстремизм және лаңкестікпен күрес, аймақтық шиеленістерді реттеу мәселелеріне қатысты. Біз БҰҰ-ның шешуші ролін атай отырып, оны реформалау жөніндегі көзқарастарға бірігеміз",- деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Еуропалық Одаққа басшылық жасауға дайындалып жатқан Германияның Орталық Азия аймағына үлкен қызығушылық танытып отырғанын, бұл өңірде өзінің экономикалық және саяси ықпалын өсіруден, демократиялық институттарды дамытуға қолдау көрсетуден, сондай-ақ, лаңкестікпен және басқа да қатер түрлерімен күресте жәрдемдесуден мүдделі екенін атап көрсетті.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті