Қазақстан президенті АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісімен кездесті



"Біз Орталық Азия аймағындағы ахуалдардың өрбу барысын, сондай-ақ, қауіпсіздікті, гүлдену мен реформаларды қамтамасыз етудегі екі мемлекеттің міндеттемелері туралы талқыладық",- деді кездесуден кейін Д.Фрид.
Сонымен бірге Д.Фридтің хабарлауынша, "президент алдағы сайлау туралы, сайлаудың әділ әрі еркін өтуін қамтамасыз етуді қолдайтынын айтты". "Біз сонымен бірге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымын қоса отырып халықаралық қоғамдастық тарапынан көрсетілетін қолдау туралы сөз қозғадық. Ұйым сайлаудың еркін өткізілуін қамтамасыз ету үшін өз бақылаушыларын жібереді",- деді ол.
"АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас үлкен қарқынмен дамып келеді. Біздің бұл жолғы сапарымыз екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға өзіндік үлесін қосады деп сенемін. Біз болашаққа арнап нақты жұмыс жоспарын бекіттік. Қазақстан президентіне көптеген салалар бойынша ынтымақтастығы үшін, соның ішінде лаңкестікпен күреске және Иракқа демеу көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін",- деді Д.Фрид.
Журналистер сауалына жауап берген АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасарының айтуынша, "ел ішіндегі іскерлік ахуал жетілдірілген сайын американдық кәсіпорындар Қазақстанға инвестиция салуға одан әрі ықылас білдіре бермек. Соның ішінде энергетикалық емес секторға да ынтызары ауатыны сөзсіз".
Сонымен бірге Д.Фрид өзі басқарған делегация Өзбекстан мен Қырғызстанда болғанын және Н.Назарбаевпен болған сұхбатта АҚШ-тың Қырғызстанға бұдан былай да қолдау көрсете беруге деген ниетін ортаға салғанын жеткізді.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті