Қазақстан президенті Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен мұнай жіберу рәсіміне қатысады

Н.Әлиевтің айтуынша, сапар барысында Н.Назарбаев 25-мамырда Сангачал терминалында өтетін Баку-Тбилиси-Жейхан құбырымен мұнай жіберу рәсіміне қатысады. Рәсімге Әзербайжан, Грузия және Түркия президенттері мен АҚШ энергетика министрі Сэмуэл Бодмен қатысады деп күтілуде.

Н.Әлиевтің айтуынша, 18-19 -сәуірде Баку қаласында Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбыры жобасына біріктіру жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан жұмыс топтары арасындағы келіссөздердің кезекті сатысы өткізіледі. "ҚазақМұнайГаз ҰК" АҚ-ның өкілдері Баку қаласында ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясы мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының өкілдерімен екі күн бойы келіссөздер жүргізеді.
Келіссөздердің басты мақсаты - Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасын әзірлеу болып табылады.
Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасы "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның басқарушы директоры Қайыргелді Қабылдин мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев басқаратын жұмыс топтарының сарапшылары деңгейінде келісілгеннен кейін бұл құжат екі ел үкіметтерінің қарауына беріледі.
Н.Әлиевтің айтуынша, бұл жерде мүлдем жаңа Ақтау-Баку жүйесін құру және оны Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына қосу туралы әңгіме болып отырғандықтан, біршама күрделі келісім болмақ. Сол себепті Н.Әлиевтің айтуынша, тек экономикалық қана емес, сонымен бірге заңгерлік және салық, қоршаған орта, инвестиция тарту және оны қорғау, Қазақстандық инвесторларға Әзербайжанда жұмыс жүргізуге рұқсат беру сынды басқа да көптеген мәселелерді реттеу қажет.
Ақтау-Баку жүйесінің инвесторлары мен Әзербайжан және Қазақстан үкіметтері арасындағы келісім-шартына қол қойылғаннан кейін транзитті келісімдерге қол қойылады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыру үшін Ақтаудан оңтүстік -шығысқа қарай 76 шақырымда орналасқан Құрық айлағында мұнай сақтау және тасымалдауға арналған жаңа терминал салу, сондай-ақ, жалғастырғыш құбырлар тарту көзделген.
Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын мерзімге дейін саланып бітеді.
Ақтау-Баку жүйесін басқару үшін жеке компания құрылады. Компанияның негізгі инвесторы міндетін Қазақстандағы Қашаған кенішін игеруге қатысушы, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясында 15 проценттік үлес иемденетін Eni, TotalFinaElf, ConocoPhilips және Inpex тәрізді шетелдік 4 компания атқаратын болады.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.