Қазақстан президенті билік пен бейресми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың басты тоғыз бағытын белгілеп берді



"Бірлесіп тиімді жұмыс істей алатын стратегиялық басты тоғыз бағытты көріп отырмын",- деді мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, бірінші кезекте "білім алуға қол жеткізу және білім беру сапасын арттыру, маман дайындау ісін халықаралық стандарттар деңгейіне жақындата түсу қажет". "Ол үшін екінші онжылдықтың басында мемлекет білім және ғылым саласына арнайтын шығындар көлемін үш есе көбейтіп, 261 млрд. теңгеден 816 млрд. теңгеге жеткізеді",- деді Н.Назарбаев. Президенттің пікірінше, үкіметтік емес ұйымдар еліміздегі білім ошақтарын қазіргі заманғы ең озық білім беру технологияларына көшуге, оқыту бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіре жобалауға, білім алуға қажетті бірдей жағдайлар жасауға қол ұшын беруге тиіс. "Мүмкіндігі шектеулі балаларға, жетімдер, оралмандар мен мүгедектерге арнаулы білім беру жүйесіне қолғабыс тигізуде бейресми ұйымдар маңызды роль атқаруға тиіс. Бұған қажетті қаржы бөлінеді",- деді президент.

Екіншіден, дәрігерлік көмектің сапасы мен қол жетімділігін арттыру қажет. Н.Назарбаевтың айтуынша, ол үшін мемлекет денсаулық сақтау саласына арналған шығындар көлемін 3,5 есе арттырмақшы. Бұл көмек ауқымын санмен айшықтайтын болсақ, биыл 185 млрд. теңге болса, екінші онжылдықтың басында ол 600 млрд. теңгеге жетеді. "Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік аз қорғалған топтардың дәрігерлік қызметке қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуде сенімді серіктеске айналып, құрт ауруы, СПИД індеті сынды қатерлі дерттермен күреске бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысады деп сенеміз. Жеке меншік медицинаны дамытуда да сіздердің көмектеріңіз ауадай қажет",- деді мемлекет басшысы.
Президент белгілеген үшінші бағыт : кез-келген меншік түріне жататын кәсіпорын қызметкерлерінің құқығын қорғау жүйесін нығайту, соның ішінде бірінші кезекте өнеркәсіп орындары мен құрылыс саласындағы еңбек қорғауды нығайту. "Үкіметтік емес ұйымдар бұл салада Біртұтас мемлекеттік стандарт жобасын жасауға атсалыса алады. Біз күш біріктіре отырып жұмыс берушілерге жалдамалы қызметкерлер үшін әлеуметтік көмектер қоржынын қалыптастыру туралы ұсыныс жасауға тиіспіз. Ол еңбекті ұйымдастырудың жалпыұлттық заманауи нормасына айнала алады",- деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге президенттің айтуынша, екінші онжылдықтың басында Қазақстан тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіс. Бұл су шаруашылығы саясатының басымдық берілген бағыты. Ол үшін мемлекет тұрғындарды сапасы кепілдендірілген ауыз сумен жеткілікті мөлшерде тұрақты қамтамасыз етуге бағытталған жоспарлы іс-шараларды одан әрі жалғастырады. "Ауыз су" бағдарламасында бұл мақсатқа алдағы 10 жылда 115 млрд. теңге бөлу қарастырылған. "Ашық су қоймаларынан су алып тұтынатын немесе нормативке сәйкеспейтін су тұтынатын бір де елдімекен қалуға тиіс емес",- деді президент.
"Бесіншіден, мемлекетіміз ауылдағы инфрақұрылымды қарқынды дамытуға шаралар қолданады",- деді Н.Назарбаев. "Тақтайдай тегіс жолдар, телефон байланысы, таза ауыз су, газ, дәрігерлік көмек бөлімшесі, кітапхана және клуб тәрізді дүниелер әрбір ауылда қалыпты жағдайға айналып, қала мен ауылдың айырмашылығы азая түсуге тиіс",- деді ол. Алдағы жылдарда бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 70 млрд. теңге бөлінеді.
Алтыншы бағытқа келсек, мәдениет саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік саясат күшейтіле түседі. "Бұл саладағы билік пен бейресми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың басымдық берілген бағыты - ауылдағы мәдени нысандарды қолдау, жастар мен дарын иелерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға септігін тигізу болмақ",- деді президент.
Жетіншіден, Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетін дамыту мен тепе-тең тіл саясатын мемлекетіміз бұрынғыдай басты назарда ұстайды. Елбасы үкіметтік емес ұйымдарды "мемлекеттіліктің іргетасы болып табылатын қазақ тілі мен мәдениетін дамыту бағытындағы жұмыстарға жұмылуға" шақырды. "Бұл - өзара ынтымақтастықтың маңызды бір бағыты болып табылады",- деді ол. "Біз Қазақстанды мекен еткен барлық халықтардың тілдері мен мәдениетін тізе қоса қолдауға тиіспіз. Ана тілі мен мәдениетін дамытуда ешкімнің де құқығы аяқ асты етілуге тиіс емес",- деді ол.
Тағы бір маңызды бағыт-бағдар ретінде Елбасы қоршаған ортаны қорғауға жүйелі шаралар қолдануды атады. "Бұл жерде қошаған ортаны ластауға қарсы күрес пен табиғат қорын пайдалану жүйесін жетілдіру - біздің ортақ мақсатымыз болмақ. Біз Арал , Семей және Балхаштағы бүлінген экологиялық жүйені сауықтыруымыз қажет",- деді Н.Назарбаев.
Тоғызыншы басымдық берілген мақсат - демографиялық өсімді қамтамасыз ету болып табылады, деді президент. "Экономиканың тұрақты дамуы мен белсенді әлеуметтік саясат бала санының көбеюі мен иммиграция аясының артуына түрткі болуға тиіс",- деді Н.Назарбаев. Мемлекет көп балала аналар мен кедей отбасылардың балаларын қолдау тетіктерін көбейтіп, баланың бағым-күтіміне арналған жәрдемақы мөлшерін ұлғайтуға шаралар қолданады. Оралмандарды тарихи отанына қайтарып алуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады. "Бұл жерде бейресми ұйымдар оларды әлеуметтік бейімдеу жұмыстарын өзіне жүктеп алуға шамасы жетеді",- деді президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті