"Махаббат дегеніміз - теңдесі жоқ бақыт. Сүйіңдер, сүйікті және сүйкімді бола біліңдер",- деді Елбасы саябақтың ашылу рәсімінде жастарға арнап сөйлеген сөзінде.
"Қазақстан - жастар елі. Ел тұрғындарының орташа жасы - 30-дан жоғары. Сондықтан Астана күні жастардың думанына айналуы тиіс. Жастар - ел болашағы",- деді президент.
Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған жолдауында жастар мәселесіне баса назар аударылғанына тоқталып өтті. "Биыл шәкіртақы мөлшері екі есе өсті. Гранттар саны 50 процентке артты. "Болашақ" бағдарламасы бойынша 3 мың шәкіртақы тағайындадым",- деді президент.
Н.Назарбаев саябақта ағаш отырғызып, махабаттың нышаны іспетті қыз бен жігіттің қоладан құйылған мүсінін ашты. Бұл композиция "Бақытым менің" деп аталады.
Саябақтың ашылу рәсіміне Елордасындағы жоғары және кәсіби орта мектептерде оқитын 5 мыңдай оқушы, жас жұбайлар мен мерейтойларын тойлаушы жұптар қатысты.
Ғашықтар саябағы Есілдің сол жағалауында орналасып, 14 мың гектар аумақты алып жатыр. Саябақтың жобасын USB Group тобы жасап, құрылысын "Қазгерстрой" ЖШС салды. Саябақ аумағында 3,5 мың түп ағаш отырғызылып, 5 мың шаршы метрге гүлзарлар мен 116 мың шаршы метрге шөп егілді.