"Азиялық бағыттың маңызы арта түскеніне барлық фактор дәлел. Қазіргі Азия құрлығында адамзат дүниесінің тең жартысы өмір сүреді, Жердегі табиғи байлықтардың басты бөлігі осында шоғырланған,- деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Азия елдерінің экономикасы дүниежүзінде зор қарқынмен дамып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, Еуропамен салыстырғанда, Азия саяси және мәдени тұрғыдан біртұтас аймақ болып табылмайды. Бұл- қауіпсіздік институттарын құруға едәуір тосқауыл болып отыр,- деп атап көрсетті ҚР мемлекет басшысы.
Көптеген ғаламдық қауіп-қатердің қайнар көзі де Азиядан табылды. Атап айтсақ, есірткі өндіру және есірткі саудасының негізгі 3 ошағының екеуі Азияда орналасқан. Онда Еуропаға жеткізілетін апиын мен героинның 70 проценті өндіріледі. Жаппай қырып-жоюға бағытталған қаруды қолдану қаупінің ошағы Оңтүстік Азия мен Қиыр Шығысқа қарай ойысты. Ауғанстан - халықаралық терроризм және экстремизм қаупін таратушы орталыққа айналды. Әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық жыл сайын ондаған мың заңсыз мигранттарды Еуропадан Азияға үдере көшуге мәжбүр етіп отыр.
Н.Назарбаевтың атап көрсетуінше, осыған байланысты Еуропа құрлығындағы қауіпсіздіктің кілті қазір Азияда болып отыр. Алайда өкінішке орай, Еуропада екінің бірі осындай ахуалды түсіне бермейді, күрес шебі дәл осы өңірден өтетініне назар аудармайды. Соның кесірінен аталмыш қауіптермен күресте дәл осы Орталық Азияны қолдауға бағытталған нақты қадамдар жасалмай отыр,- деді Елбасы.
Орталық Азия Республикалары өз аумағындағы өзекті мәселелерді шешуге таяуда ғана шамасы жетіп, алғашқы оңды ағымдар енді ғана көрініс бере бастады . Алайда осындағы мемлекеттердің қай-қайсысы да жеткілікті экономикалық , технологиялық және инвестициялық мүмкіндіктерге ие емес , олар шетелдік инвестицияға зәру,-деді Н.Назарбаев.
Қауіпсіздікке төнген қауіп-қатердің түп-төркіні мәдени немесе идеологиялық тұғырнамада жатқан жоқ, әлеуметтік салада жатыр. Терроризм және экстремизм қаупінің пайда болуына діни ерекшеліктер мүлдем әсер етіп отырған жоқ, оған әсер ететін бірнеше себеп бар. Ол - қоғамдағы әлеуметтік сырқат. Ол - кедейлік пен жұмыссыздық . Ол - әлеуметтік бейімделу қабілетінің төмендігі. Осындай ахуалда қоғамның қылмыстық сипатқа көшуі , немесе саяси радикализмге ден қоюы - заңдылық ,- деп түйді Қазақстан Елбасы .