Кездесу барысында Н.Назарбаев "Қазақстан-Иран қарым-қатынастарында бірінші кезекте экономикаға басымдық беріледі, ал саясат екінші орында" деп мәлімдеді,- деді елші. Елшінің айтуынша, Қазақстан мемлекет басшысы Каспий теңізіндегі ынтымақтастық аясын кеңейту туралы ұсыныс жасаған.
Рамин Мехманпараст мырза президенттің Қазақстан халқына арнаған жолдауымен танысқанын хабарлады. "Жолдауда тұрғын үй құрылысы мәселесіне маңыз берілген. Иран жағы бұл салада көмек беруге дайын",- деді ол. Сонымен бірге "Иран мен Қазақстанның мұнай, газ, мұнайхимиясы және тауар транзиті салаларында ынтымақтастықты дамытуға әлеуеті мол",- деді елші.
"Екі жақты қарым-қатынасты дамытуда БАҚ-тардың ролі айрықша зор. Сол себепті екі ел журналистері өзара тәжірибе алмасатын болады" дегенге елші сенім білдірді. "Біз сонымен бірге екі ел арасында сауда-саттық саяхаттар ұйымдастырмақпыз. Иранның кәсіпкерлік өкілдері Қазақстанға келеді деп күтілуде. Олар болашақ инвестиция салу мақсатында ел экономикасын зерттейді",- деді ол.
Рамин Мехманпараст мырза Қазақстан президентіне Иран мемлекет басшысының шақыруын табыс етті. Елшінің айтуынша, Елбасы "бұл сапардың болашаққа межеленгенін" айтып, шақыруды қабыл алған.