Қазақстан президенті "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында алға бірнеше мақсат қойды

Елбасының пайымдауынша, біріншіден, "Шілікті Қорғанда табылған үшінші Алтын адамды түбегейлі зерттеу қажет". Н.Назарбаев бұл мақсатқа арналған қаржы мемлекеттік бюджеттен бөлінеді деді. "Зерттеу жұмыстары толық аяқталған соң Астанада ауқымды тұсаукесер шарасын өткізген дұрыс болар еді",- деді ол.

Президент ғалымдарға археологиялық зерттеу жұмыстарын аяғына дейін жеткізіп қана қоймай, оларды сақтап қалу, консервациялау мақсатына да назар аударуға, "сан қумай, сапа жағына" мән беруге шақырды. Сонымен бірге Н.Назарбаев кеңесті тарихи және мәдени мұраларды сақтап қалу турасында "ойлануға" шақырды. "Көптеген тарихи ескерткіштер қалпына келтірілді, енді оларды араға жыл салып жөндей бермей, сақтап, адамдарға көрсету қажет",- деді Елбасы.
Мемлекет басшысы мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне 2 мың данамен шығарылған "Бабалар сөзі" кітабын едліміздегі барлық кітапханалардың сатып алуына жағдай жасауға тапсырма берді. Сондай-ақ, бұл басылымдарға "жоғары білім ошақтары, мемлекеттік қызметкерлер, дәрігерлер мен мұғалімдердің жазылуына" жағдай жасау қажет, деді Елбасы.
Шетелдік мұрағаттардан табылған архив материалдарын тез арада қазақ тіліне аударып, жеке басылым түрінде шығару тапсырылды. Сонымен қатар, тек шетелдік классиканы ғана емес, өз әдебиетіміздің асылдарын шет тілдерге аудару ісін жеделдетіп қолға алған жөн деді Н.Назарбаев. Бұл шараны ҚР мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне осы бағытта жыл сайын бөлінетін қаржы есебінен жүзеге асыруға болады деді ол.
Мемлекеттік телеарналарға "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы туралы тұрақты рубрика ашу тапсырылды.
Президенттің айтуынша, "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға "төл мәдениеті мен өз халқына жаны ашитын зиялы қауым өкілдері мен кәсіпкерлерді де жұмылдыру" қажет. Н.Назарбаевтың пайымдауынша, бағдарлама аясында арнаулы қор құрып, "игілікті іске жұртшылықты жаппай жұмылдырған жөн".
Мемлекет басшысы "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған алғашқы жыл қорытындысы жаман емес деп атап көрсетті. "Басты мақсат - ұлттың ұлы мұрасын сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу",- деді ол.