Қазақстан президенті мен АҚШ мемлекеттік хатшысы кең көлемді мәселелер топтамасын талқылады



"Біз екі елдің қарым-қатынасы түрлі салаларда алға жылжып келе жатқаны жайында талқыладық",- деді Қазақстан президенті кездесуден кейін өткізілген баспасөз мәслихатында. Н.Назарбаевтың айтуынша, "кездесуде Қазақстанның аймақтық саясаты мен Каспий теңізіндегі белсенді ынтымақтастыққа дейінгі кең көлемді мәселелер топтамасы талқыланды".
"Біз лаңкестікпен күрес саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа қанағаттанарлық деген баға бердік. Қазіргідей морт әлемде лаңкестік, нашақорлық, СПИД сынды кесапаттармен тек күш біріктіру арқылы ғана күресуге болады",- деп атап өткен президент "аталмыш мәселелердің егжей-тегжейлі" талқыланғанын тілге тиек етті.
Сонымен бірге Н.Назарбаев пен К.Райс "алдағы президент сайлауына байланысты Қазақстан қоғамын демократияландыру" төңірегінде пікірталас өткізген.
"Жуырда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың еркін әрі ашық болатыны туралы мәлімдеме жасады. Мен Орталық сайлау комиссиясының бұл мәлімдемесін қолдаймын. Барлық саяси үгіт-насихатты қоғамдағы тұрақтылықтың шаңырағын шайқалтпай, заң шеңберінде жүргізген жөн",- деді президент. "Бұл тек оппозицияға ғана емес, барлық тараптарға қаратып айтылған нәрсе. Сондықтан да құқық қорғау мекемелерінің заңды әрекеттерін қастандық ретінде қабылдамау керек",- деді президент.
Сонымен бірге кездесу барысында сөз бостандығы төңірегінде де ой қозғалды, деді Н.Назарбаев. "Біз шынайы сөз бостандығын қолдаймыз. Ал жалақорлық пен жалған ақпараттар тарату еркіндігіне қарсымыз",- деді Елбасы.
Өз кезегінде К.Райс ел президентімен кездесу барысында "Қазақстанның Орталық Азиядағы ролі, көршілес елдермен, соның ішінде Ауғанстанмен арадағы ынтымақтастық төңірегінде" пікір алмасылғанын жеткізді. Мемлекеттік хатшы өз елінің 1,4 млн. доллар бөлгенін, "бұл қаржыны аймақ елдері энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бөле-жара жұмсайтынын" хабарлады.
Қазақстандағы алдағы президент сайлауына қатысты мәселеге тоқталған К.Райс "сайлау еркін өтеді" дегенге сенім білдірді. "Орталық сайлау комиссиясының мәлімдемесін біз демократияға қарай жасалған бір қадамға балаймыз",- деді ол. Мемлекеттік хатшы "оппозициялық үміткерлер де өз шараларын өткізу мен БАҚ-тарға тең дәрежеде шығу құқығына ие болуға тиіс" , деп атап өтті. "Осындай жағдайда ғана сайлаушылар еркін әрі шынайы таңдау жасай алады",- деді К.Райс.

>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті