"Бұл - Қазақстанда индустриялық-инновациялық даму стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі",- деді Н.Назарбаев. "Зауыт құрылысын салу- Қазақстан экономикасының дамуын паш ететін бір көрсеткіш болмақ",- деді ол.
"Қазір Қазақстан экономикалық даму қарқынына қарай ТМД аясында көшбасшы елге айналды. Сондықтан біз бұл деңгейден құлдыруға тиіс емеспіз",- деп атап көрсеткен президент "осындай экономикалық даму қарқыны қосымша жұмыс күшін талап етеді",- деді .
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 1997-жылы Павлодарда мемлекет басшысы болашақ электролиз зауытының іргетасын қалау рәсіміне қатысқан. 2003-жылы ҚР мемлекеттік мүлік комитеті "Қазақстан аллюминиі" АҚ акцияларының 31,6 проценттік мемлекеттік қоржынын Павлодарда алғашқы сатылы аллюминий өндіретін зауыт салу талабымен Швейцарияның Corika компаниясына сатты. 2005-жылдың мамыр айында зауыттың бас корпусының іргетасына алғашқы текше метр бетон құйылып, құрылыс жұмыстары басталды.
Электролиз зауыты жылына 250 мың тонна біріші сатылы өңделген аллюминий мен 136 мың тонна күйдірілген анод шығарады. Жобаның болжамдық құны 850 млн. долларға тең. Жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстарына 139 млн. АҚШ доллары игерілмек.
Бүгінде электролиз зауытының бірінші кезегінің технологиялық корпусының іргетасы қалануда. Инфрақұрылымдық бес нысанның құрылысы салынып жатыр. 5,2 шақырымдық темір жол тармағы тартылып, Ақсу жылу электр станциясы мен электролиз зауыты арасында 28 шақырым 500 кВ-тық электр жалғастыру желісі тартылды.
Зауыт құрылысын жұмысшылар, мердігерлер мен студенттік құрлыыс отрядының мүшелерін қосқанда 1500-дей адам салып жатыр.
2006-жылы негізгі цехтың жабдықтары орнатылады. "Зауытта GR-320 жоғары амперлі электролиздеуші аппараттар мен металлургия саласындағы дүниежүзіндегі жетекші институттардың біріне саналатын Қытайдың ГАМИ институтында жасалған заманауи жабдықтарға негізделген озық технология қолданылатын болады. Газ тазарту қондырғыларын Францияның Solios компаниясы жасаған. Газ тазарту қондығыларының тиімділігі 99 процентті құрайды",- деп хабарлайды зауыттың баспасөз қызметі.
Жаңа зауыттағы табиғат қорғау шаралары аясында оны айнала орманды зона құру көзделген.
"Қазақстан электролиз зауыты" АҚ -ның толық қуаты іске қосылу нәтижесінде түрлі деңгейдегі бюджеттерге салық түрінде жыл сайын 4,2 млрд. теңге аудару межеленген.
"Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде республикада металл түріндегі аллюминийді терең өңдеу, прокат және қорытпа өндіруге бағытталған шағын және орта кәсіпорындар дамитын болады. Зауыт алдағы уақытта қосалқы құны жоғары , бәсекелік қабілетке ие осындай өнімдер өндіруді қолға алады",-делінген зауыттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.