Форумда сөз сөйлеген Қазақстан президенті "Үрімжі қаласындағы бизнес-форум Қазақстан мен Қытай бизнесмендері арасындағы жаңаша қарым-қатынасқа жол ашады",- деп мәлімдеді.
"Бізді қазір бір тау бөліп тұр, біз бір көзден шыққан су ішеміз, біздің тарихымыз, мәдениетіміз бен діліміз бір",- деп атап көрсеткен Н.Назарбаев екі елдің мемлекет басшылары "өзара тату көршілік байланыстарды сақтап қалу қажеттігін" қолдайды деп атап көрсетті.
"Жаңғыру жолына бетбұрған алып көршіміз - Қытайға табыс пен ырыс-молшылық тілеймін",- деді Қазақстан мемлекет басшысы.
Қазақстан Республикасы мен ҚХР-ның Шыңжан-Ұйғыр автономиялық аймағы арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыта нығайту үшін аталмыш бизнес-форумды Қазинвест компаниясы ұйымдастырды. Форумның басты мақсаты - екі ел кәсіпкерлері арасында тікелей байланыс орнату. Шарада Қазақстанның экономикалық экономикалық даму перспективалары, қазақстандықтардың Қытайда кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндіктері, өзара тиімді инвестиция тарту, Қазақстанның мемлекеттік сақтандыру саласын дамыту мәселелері талқыланды.
Форум аясында ҚР индустрия және сауда министрі Әділбек Жақсыбеков Қазақстан Республикасының 2003-2015-жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму стратегиясын таныстырып, оны жүзеге асыру жоспарлары туралы әңгімеледі. Ал "Қазақстанның экспорттық несиелері мен инвестицияларын сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорациясы" АҚ басқармаларының төрағасы Әлихан Смайылов сақтандыру корпорациясының іс-қызметі, Қазақстандағы сақтандыру рыногының дамуы туралы баяндады.
Жалпы алғанда форумға екі елдің даму институттары мен ірі кәсіпорындарынан 130 өкіл қатысты.