Қазақстан президенті ресми сапармен Украинаға барды

Қазақстан президентін Днепропетровск әуежайында Украина үкімет басшысы Николай Ехануров күтіп алғаннан кейін өкілдер Днепродзержинск жоғарғы кәсіптік училищесінің 80 жылдық мерейтойына қатысу үшін Днепродзержинск қаласына жүріп кетті.

Мемлекет басшысының Украинаға ресми сапары 18-қарашаға дейін созылады. Сапар бағдарламасына сәйкес, Н.Назарбаев Украина президенті Виктор Ющенкомен кездесіп, Жоғарғы радада болып, бірқатар екі жақты құжаттарға қол қояды.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-2007-жылдарға арналған "Қазақстан-Украина" шаралар жоспарына, сонымен бірге Қазақстан және Украина президенттерінің бірлескен мәлімдемесіне, әскери-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге, Қазақстанның Алматы облыстық әкімшілігі мен Украинаның Киев облыстық мемлекеттік әкімшілігі арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Т.Шевченко атындағы Киев ұлттық университеті арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылады.