Қазақстан Президенті ядролық қаруға ие елдердің саммитін өткізуді ұсынды

«Жаһандық әлемнің болашағы көп жағдайда танылған, сонымен қатар танылмаған ядролық мемлекеттерге байланысты болады. Іс жүзіндегі барлық ядролық мемлекеттердің мәртебесін заңдастыруды және осынау жаһандық проблеманың мәселелерін бірлесіп талқылау және шешу үшін ядролық қаруға ие елдердің саммитін өткізуді ұсынамын», - деді Елбасы.

Қазақстан Президенті Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының күшіне енуіне қатысты да әлі күнге өткір мәселелердің бар екендігін баса айтты.

«Бірнеше қадам ғана қалды. Бірақ, белгілі болып отырғандай ядролық технологияларға ие бірқатар ел оған әлі қол қойған жоқ немесе ратификацияламады»,-деді Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының күшіне енуі үшін құжатқа қол қоймаған немесе ратификацияламаған елдердің көшбасшыларына бұл істі жеделдетуге шақырды. Мұнан бөлек, Елбасы ядролық қарудан азат аймақ құру, оның таралуымен күрестегі ең тиімді құрал екендігін баса айтты.

«Бүгінгі күні ядросыз аймақ Латын Америкасында, Африкада, Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде, Оңтүстік-Шығыс Азияда құрылды. 2009 жылдың наурызында Орталық Азияда ядролық қарудан азамат аймақ құру туралы шарт күшіне енді. Ядросыз аймақ құрамына кіретін барлық мемлекеттерге күш біріктіруді ұсынамын. Бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге мүмкіндік беретін формат қажет. Біз мұндай кездесуді ұйымдастыруға дайынбыз», - деді Қазақстан Президенті.