Қазақстан президенті Ясир Арафаттың қайтыс болуына байланысты Палестина халқына көңіл айтты

"Ясир Арафаттың қайтыс болғаны туралы суық хабарды терең қасіретпен қабыл алдым",- делінген Н.Назарбаевтың жеделхатында.

Қазақстан мемлекет басшысы "Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатуға бар күш-жігерін жұмсаған Я.Арафат өзін нағыз парасатты әрі қырағы саясаткер ретінде таныта білді. Палестина көсемінің бейбітшілік жөніндегі Нобель сыйлығымен марапатталуы - осының айқын айғағы болса керек",- делінген жеделхатта.
Н.Назарбаев сондай-ақ Я.Арафаттың тәуелсіздігімізді алған алғашқы күндері Қазақстанға сапармен келген тұңғыш араб басшысы болғанын атап өткен. "Оның біздің егемен елімізбен жан-жақты тығыз байланыстарды дамытуға деген ұмтылысы бүкіл Қазақстан халқының жадында терең сақталатыны сөзсіз".
Палестина ұлттық әкімшілігі жетекшісінің өлімі Палестина халқының тарихындағы бүтін бір дәуірге нүкте қойды,- деп жазады әлемдік басылымдар. Я.Арафат Палестина жұртшылығының егемендікке ұмтылған жарты ғасырлық күресінің басты символына, халықтың көсеміне айналды.
Я.Арафат 1929-жылдың 24-тамызында Каирде туған. Ол 17 жасынан бастап Англиялықтармен және дербес мемлекеттілікке ұмтылған израильдықтармен күрес мақсатында Палестинаға жасырын жолмен қару-жарақтар жеткізу шараларына қатыса бастаған.
1948-жылы Ясир Арафат қарулы күресті бастап, оған ғұмырының басым бөлігін арнады. 1959-жылы Я.Арафат тәуелсіз палестина мемлекетін құруды мақсат етіп қойған ФАТХ қозғалысын басқарды. Ал 1969-жылы Араб Мемлекеттері Лигасының қолдауымен құрылған Палестинаны азат ету ұйымының атқару комитетінің төрағасы деп жарияланды. Кейінірек ол Палестина революцияшыл күштерінің бас қолбасшысы атанды.
90-шы жылдардың басында Я.Арафат Израиль үкімет басшысы Ицхак Рабинмен және Израиль сыртқы істер министрі Шимон Переспен бірге Палестина-Израиль шиеленісін реттеуге деген талпынысы үшін бейбітшілік үшінгі Нобель сыйлығына ие болды.
2001-жылдың желтоқсан айынан бері Палестина көсемі Иордан өзенінің батыс жағалауындағы Рамалла сарайында қамауға алынды. Ол 2004-жылдың 11-қарашасында Париж іргесіндегі Перси әскери ауруханасында аурудан қайтыс болды.