Қазақстан президенті Жапонияға ресми сапармен барады

ҚР СІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сапар барысында Елбасы Жапонияның мемлекеттік басшылығымен кездесіп, саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екі жақты ықпалдастықты кеңейту мәселелерін талқылайды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша, бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылады деп көзделуде. Сондай-ақ сапар шеңберінде Қазақстан және Жапония кәсіпкерлерінің бизнес форумын өткізу жоспарлануда.

"Ресми Токионың пікірі бойынша, Еуроазияның қақ ортасында орналасқан Орталық Азия аймағы, әсіресе, Қазақстан геосаясаттың маңызды факторы болумен бірге, бүкіл Еуразиядағы тұрақтылық жағдайына, әлемдік нарықты қуат көздерімен тұрақты қамтамасыз етуде, Шығыс пен Батыстың ең дамыған нарықтарын байланыстыруда игі әсер етеді",- деді Е.Ашықбаев.

ҚР СІМ-нің мәліметінше, екі ел арасындағы тауар айналымы 2007 жылы 1,7 млрд долларды құрап, 2006 жылға қарағанда (1,1 млрд доллар) 54,5 пайызға өсті. Осы жылдың бірінші ширегінде екіжақты тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 5,5 пайызға өсті.