Қазақстан президентінің Әзербайжанға ресми сапары аясында Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылған жоқ

Бұл құжатқа Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжанға қарасты бөлігінің ресми ашылу салтанаты барысында немесе соның қарсаңында қол қойылады деп күтілген болатын.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 22-мамырда Бакуде өткен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Әзербайжан - Қазақстан үкіметаралық комиссиясының отырысы барысында ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник "Қазақстанды Ақтау-Баку деп аталатын дербес кіші жүйесі бар біртұтас жүйе ретінде аталмыш транспорттық дәлізге біріктірудің техникалық шарттары іс жүзінде келісілді" деп мәлімдеген. Ал Әзербайжан вице-премьері Аббас Аббасов Қазақстанды Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырына біріктіру жөніндегі үкіметаралық келісімге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бакуге жасайтын сапары кезінде қол қойылатынын хабарлады. "Бұл құжат түбегейлі дайындалып, алдын-ала келісілді",- деді вице-премьер.
24-мамырда Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы келісімдердің топтамасына қол қою рәсіміне кейін Әзербайжан президенті әкімшілігінің жетекшісі Рамиз Мехтиев журналистермен бллған әңгіме кезінде Қазақстан мұнайын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылмау себебін "кейбір мәселерге қатысты" сарапшылардың жұмысы одан әрі жалғасып жатуымен түсіндірді.
Ал бүгін Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының Әзербайжанға қарасты бөлігінің ресми ашылу салтанаты барысында сөз сөйлеген Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Натик Әлиев мұнай тасымалдаудың транскаспийлік жүйесін құруды қарастыратын Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы келісім екі ел президенттерінің бекітуіне берілгенін хабарлады. "Келісім дайын болып, екі мемлекет басшысының қарауына ұсынылды",- деп атап көрсеткен Н.Әлиев Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры аймақтағы басқа елдерге де мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді деді. "Біз осынау мұнай құбырымен жылына 20-25 млн. тонна мұнай тасымалдауды межелеген Қазақстан жағының жоспарын да ескердік",- деді Н.Әлиев.
Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры - Каспий және Жерорта теңіздерін жалғастырып жатқан алғашқы мұнай құбыры екенін айтты. Оның пікірінше, бұл мұнай құбыры мұнайға деген әлемдік сұраныстың 1,3 процентін, ал 2007-2008-жылдары әлемдік мұнай тұтынымының 25 процентін қамтамасыз етітініне тоқталды.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы үкіметаралық келісім жаңадан Ақтау-Баку жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жүйенің мұнай тасымалдау қуаты жылына 20 млн. тоннаны құрайды, алайда алғашқы кезеңде 7,54 мың тоннаға дейін мұнай тасымалданады деп күтілуде. Инвестиция көлемі үкіметаралық келісімге қол қойылғаннан кейін анықталады. Жаңа жүйе Қашаған кенішінен алғашқы мұнай тасымалдана бастайтын мерзімге дейін саланып бітеді.
Ақтау-Баку жүйесін басқару үшін жеке компания құрылады. Компанияның негізгі инвесторы міндетін Қазақстандағы Қашаған кенішін игеруге қатысушы, ВТС Со.(Baku -Tbilisi -Ceyhan) компаниясында 15 проценттік үлес иемденетін Eni, TotalFinaElf, ConocoPhilips және Inpex тәрізді шетелдік 4 компания атқаратын болады.
Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы мұнай құбыры жобасына қатысушы компаниялар мен олардың үлесі мынадай : BP - 30,1%, ГНКАР - 25%, Unocal - 8,90%, Statoil - 8,71%, TPAO - 6,53%, ENI - 5%, Itochu - 3,40%, ConocoPhillips - 2,50%, INPEX - 2,5%, TotalFinaElf - 5% және Amerada Hess - 2,36%.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды.