Сапар барысында екі мемлекет басшыларының арасында келіссөздер жүргізілді, олардың барысында екі жақты қатынастар мәселелерінің кешені, Қазақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастық пен ықпалдастықты жандандыру жолдары талқыланды. Тараптар бірқатар өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, "мемлекет басшылары өткізілген келіссөздердің нәтижелеріне қанағаттанғандық білдірді және олар екі жақты қатынастарға серпін беретініне, оларды сапалы жаңа деңгейге көтеруіне мүмкіндік беретініне кәміл сенім білдірді".
"Тараптар елшіліктер деңгейінде екі елдің дипломатиялық өкілдіктерінің құрылуын қолдайды және мұндай іс-шаралар барлық салаларда ынтымақтастықты тереңдету, өзара сапарларды ұлғайту жолында маңызды қадам ретінде қарастырады.
Тараптар сондай-ақ екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасын ашудың маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан мен Иордания Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалауды жақтайды.
Тараптар Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесіне, халықаралық қоғамдастықтың тиісті шешімдері мен "Жол картасының" негізгі принциптері, Палестина халқының өз жерінде тәуелсіз мемлекет құруға қатысты заңды құқығына, сондай-ақ Израиль мемлекетінің бейбітшілік пен қауіпсіздікте өмір сүру құқығына кепілдік беретін араб бітімгершілік бастамасы негізінде араб-израиль тікетіресінің әділетті және түпкілікті шешілуіне өздерінің қолдауын білдіреді.
Тараптар Ирактағы жағдайға байланысты көзқарастарының сәйкес келетіндігін қуаттады және осы елдің ішкі істеріне кез-келген сыртқы араласуды жоққа шығарып, ұлттық татуласу мен тұрақтылыққа қол жеткізуге бағытталған Ирак үкіметінің күш-жігеріне қолдау білдірді. Тараптар халықаралық терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыс және есірткі саудасына қарсы күресте екі жақты сондай-ақ халықаралық деңгейлерде күш-жігерлерін үйлестіруге уағдаласты.
Иордания Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру бастамасын қолдайды және өзінің осы процеске қатысуға дайындығын білдіреді.
Иордания Қазақстанда тұрақты негізде өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің табысын жоғары бағалайды және бұл форум өркениеттер арасында ғаламдық диалогты қалыптастыруға және көкейкесті халықаралық мәселелердің шешілуіне көмектеседі деп есептейді.
Тараптар Исламның шынайы беделін қорғау, төзімділік пен сабырлылыққа негізделген және зорлық-зомбылық пен лаңкестіктің барлық нысандарын жоққа шығаратын Ислам дінінің игі қағидаттары мен құндылықтарын тарату мақсатында араб және мұсылман елдері арасындағы консультациялар мен үйлестірудің маңыздылығын қуаттайды.
Тараптар 2004 жылы Король Абдалла II-нің бастамасымен қабылданған Амман жолдауы осы процеске елеулі және тиімді үлес қосады және жан-жақты қолдауға лайық деп санайды.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге, атап айтқанда, мәдениет күндерін, көрмелерді, кино апталарын, театр топтарының гастрольдерін ұйымдастыруға жан-жақты ұмтылатын болды.
Тараптар екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан мен Иордания туралы ақпараттар таратуға және білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға күш-жігер жұмсайды.
Тараптар екі ел жастарының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қызмет ететін бастамаларды қолдайды және делегациялармен алмасу арқылы спорт саласында байланыстарды жолға қоюға дайындығын білдіреді. Осы тұрғыдан алғанда тараптар сапар барысында білім және жастар саясаты салаларындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылғандығына қанағаттанғандық білдіреді.
Қазақстан прзиденті Н.Назарбаев Иордания Королі ІІ Абдалланы өзіне ыңғайлы кез-келген уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Қазақстан басшысының шақыруы ризашылықпен қабылданды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті