"Конституциялық кеңестің пікірі бойынша Қазақстан президентінің кезекті сайлауы 2005-жылдың желтоқсан айында өтуге тиіс",- деді И.Рогов.
Қазақстан Ата заңына сәйкес кезекті президент сайлауының мерзімін парламент мәжілісі қыркүйектің екінші жексенбісіне дейін жариялауға тиіс. Ал президент сайлауы желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өткізіледі. 2005-жылы бұл күн 4-желтоқсанға дөп келмек.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжілістің бір топ депутаты президент сайлауының мерзімін анықтап беру туралы Конституциялық кеңеске сұрау салған болатын. Сайлау мерзіміне қатысты қоғам шеңберінде өрбіген пікірталас осындай сұрау салуға әсер етті. Бірқатар сарапшылардың пікірінше, жаңадан сайланған президент 2006-жылдың қаңтар айында қызметке кірісу үшін сайлау 2005-жылдың желтоқсан айында өткізілуі тиіс деген пікірде. Сонда ғана Конституцияның 41-бабында көрсетілген 7 жылдық өкілеттілік мерзімі сақталады.
Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан президенті бүкілхалықтық, тең әрі тікелей сайлау құқығының негізінде жасырын дауыс беру жолымен 7 жылға сайланады. Бұған дейінгі президент сайлауы 1999-жылдың қаңтар айында өткен.
Кезекті президент сайлауына қатысатындығы туралы қазіргі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен басқа да бірнеше адам мәлімдеді.