"Ақорда.kz деп аталатын жаңа сайт 24-тамызда мемлекет басшысына таныстырылып, мақұлданып, Интернет желісіне шығарылды. Қазіргі жағдаймен президенттің сайтына 10 мың тұтынушы тіркеліп, мемлекет басшысының атына 500 өтініш немесе хат келіп түсті",- деді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Президенттің баспасөз қызметі жетекшісінің орынбасары Жанна Құрманғалиеваның хабарлауынша, веб-сайттың қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі бірдей нұсқалары бар. Сайт негізгі 11 бөлім мен 60-тан астам айдарлар мен тақырыпшалардан құралады.
"Қазақстан" деп аталатын бөлімінде тәуелсіз Қазақстанның тарихына қатысты мәліметтер жарияланған. "Ресми құжаттар" деп аталатын бөлімінде Ата заңның, заңдар мен жарлықтардың, кодекстердің мәтіні басылған.
Сонымен бірге сайтта мемлекет басшысының қатысуымен еліміз бен шетелдерде болған шаралар туралы ақпараттар мен Елбасының сөйлеген сөздерінің толық мәтіні жарияланатын жаңалықтар топтамасы бар.
"Хаттар" деген бөлімде президентке келіп түскен хаттармен танысумен бірге Елбасының өзіне тікелей хат жазуға болады. Сайттың "Мультимедиа" атты бөлімі президенттің сөйлеген сөздерінің бейне және аудиожазбаларымен, сондай-ақ, президент туралы жаңа деректі фильмдермен танысуға мүмкіндік береді. Сайттың фотогалереясында Нұрсұлтан Назарбаевтың 200-ден астам эксклюзивті фотосуреттері бар, деді Ж.Құрманғалиева.
i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті