Конгресті Бейбітшілік үшін халықаралық бюросы «Финляндия дәрігерлері әлеуметтік жауапкершілік үшін» ұйымымен бірлесіп, «Әлем дәрігерлері ядролық соғысты болдырмау үшін» халықаралық қозғалысының қолдауымен ұйымдастырды. Оған бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, ОАР экс-президенті Фредерик де Клерк, Еуропарламент депутаты және Иранмен қатынастар мәселелері жөніндегі делегацияның жетекшісі Тарья Крунберг, МАГАТЭ бас директорының бұрынғы орынбасары Олли Хейнонен, ғалымдардың Пагуош қозғалысының президенті, БҰҰ Бас хатшысының экс-орынбасары Джаянта Дханапала, Орташа державалар бастамаларының төрағасы, Хиросиманың экс-мэрі Тадатоси Акиба, Қазақстанның Финляндиядағы елшісі Ғалымжан Қойшыбаев, «Парламентшілер ядролық қаруларды таратпау және қарусыздану үшін» қозғалысының жаһандық үйлестірушісі Алин Варе және басқа да таратпау және қарусыздану саласындағы жетекші сарапшылар, дипломаттар, 20-дан астам елден халықаралық және үкіметтік емес ұйымдарның өкілдері қатысты.
Конгресте сөйлеген сөзінде Ф. де Клерк ОАР-дағы 1990-жылдардың басындағы ядролық қарусыздану тарихы туралы айта келіп, «Украинаның, Беларусьтің және Қазақстанның өздерінің ядролық арсеналдарын сақтау жөніндегі күш-жігерлерінен бас тарту туралы шешімдері таңдануға лайық» деп мәлім етті. Оның пікірінше, халықаралық қоғамдастықтың одан әрі үйлестірілген күш-жігері және ядролық қаруға ие болудан бас тартқан мемлекеттердің белсенді қатысуымен ғана ядролық қарусыздану ісінде ілгерілеуді қамтамасыз етуге болады.
Өз кезегінде шарада сөйеген ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Роман Василенко Қазақстандағы кеңестік ядролық сынақтардың қайғылы мұрасы және тәуелсіз республикадағы ядролық қарусыздану тарихы туралы әңгімелеп, бұл орайдағы ядролық қарусыз болашақтың пайдасына принципті таңдау жасаған Президенттің және қазақстандық халықтың саяси ерік-жігерінің көрінісін айрықша атап өтті.
«...Екі онжылдық бұрын Қазақстандай жаңа ядролық державаның пайда болуы саяси ерік-жігердің мәселесі ғана болатын. Бірақ та Президент Нұрсұлтан Назарбаев мүлдем басқа бағытта өзінің саяси еркін білдірді және принципті түрде және сөзсіз Қазақстанның «ядролық клуб» мүшелігінен бас тартты», деп атап өтті Р.Василенко. Ол Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы және Қазақстанның әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартуы ядролық қарусыздану мен таратпаудың аймақтық және әлемдік үдерісіндегі жаңа тарауды ашты және бүгінде Украинамен, Беларусьпен және Оңтүстік Африкамен қатар, Қазақстанның ядролық қарусыздану ісін жаһандық деңгейде алға жылжытуға айрықша моральдық құқы бар, деп атап көрсетті.
Конгреске қатысушылар Президент Н.Назарбаевтың Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру, БҰҰ ауқымында Жалпыға бірдей ядросыз әлем декарациясын қабылдау, Ядролық қаруды таратпау туралы шартты әмбебаптандыруды қамтамасыз ету және Ядролық сынақтардға жалпыға бірдей тыйым салу жөніндегі шартты тезірек күшіне енгізу ұсыныстарын қоса алғанда таратпау және ядролық қарусыздану саласындағы бастамаларымен қызыға танысты. Осыған байланысты бүгінгі күндері жүзеге асырылып жатқан «АТОМ» Жобасы халықаралық бастамасы туралы ақпарат ерекше қызығушылық туғызды.
«Біз бұл бастамалардың біздің өз елімізде ғана емес, шетелдерде де кеңінен жалпыхалықтық қолдау тауып отырғанын атап өтеміз. Қазірдің өзінде Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу жөніндегі шартты тезірек күшіне енгізуге, әлемде ядролық сынақтарға түбегейлі тоқтау салуға және ядролық қарусыз әлем үшін маңызды қадам жасауға шақырған «АТОМ» Жобасының онлайн-петициясына 100-ден астам елдің адамдары қол қойды. Дегенмен біз бұдан да көбірек табыстарға жетуге тиістіміз және ол қолдан келеді. Сондықтан да бүкіл әлемдегі адамдардың ерік-жігерін «АТОМ» Жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құруды біздің маңызды мақсатымызға айналдыруға шақырамыз», - деп атап көрсетті Р.Василенко.
Конгрестің екікүндік жұмысының барысында ядролық әлем құрудың ортақ мақсаттарына жақындау үшін халықаралық қоғамдастықтың бұдан әрі ықтимал іс-қимылын зерделеуге баса назар аударылды. Атап айтқанда, ядролық қарулардан бас тартқан елдердің үлгілері, қару-жарақ бағдарламалары, бұл тәжірибелерді басқа елдерде қолдану мүмкіндігі, Таяу Шығыста жаппай қырып-жою қаруларынан ада аймақ құру жөнінде конференция шақыру перспективалары, Корей түбегіндегі жанжалды реттеу және КХДР-дың тарапынан ядролық қарудан бас тарту мүмкіндігі; сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасы айналасындағы жағдайды реттеу жөніндегі халықаралық күш-жігер мәселелері қаралды. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғамның халықаралық деңгейде ядролық қарусыздану үдерісін ынталандырудағы рөлі мен мүмкіндіктері бөлек зерттелді.