Қазақстан президенттігінен үміткер ретінде атын ұсынуға ықылас білдірген 11 адам сәйкестік процедурасынан өтті

Атап айтсақ, Орталық сайлау комиссиясының мәліметтеріне сәйкес, үміткерге қойылатын талаптара қазіргі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, "Әділетті Қазақстан үшін" Демократиялық күштер блогы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жармахан Тұяқбай, сенат депутаты Уәлихан Қайсаров пен Алматылық кәсіпкер Сәлім Өтен, қоғам қайраткері Амантай қажы Асылбек, Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Мекемтас Тілеулесов, мәжіліс депутаты Ерасыл Әбілқасымов, Қазақстан фермерлерінің "Қазагро" ұлттық федерациясының президенті Балтабай Рахымжанов, қоғамдық "Альфа" қозғалысының президенті Жақсыбай Бәзілбаев, "Ақ жол" партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов пен "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов сай келеді деп танылды.
Ал президент сайлауына қатысуға ниет білдірген Алматы облысындағы Талғар қаласының 43 жастағы тұрғыны Майя Қарамаева, Ақтөбе тұрғыны, жұмыссыз Мейрамкүл Қожағұлова мен Қарағанды тұрғыны Сұлушаш Нүкенова лингвистикалық комиссияға қазақ тілінен емтихан тапсыра алмай, сайлау алдындаы додадан шығып қалды.
Сонымен бірге 27-қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясына президенттіктен үміткер ретінде тіркеу туралы тағы да екі адам өтініш берді. Атап айтсақ, Қазақстан жазушылар одағының 63 жастағы мүшесі Тілепалды Жамбылов пен 70 жастағы Алматы тұрғыны, тарих ғылымдарының кандидаты Кәрішал Асан-Ата мемлекет басшысы болуға ниет білдірген.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мәжіліс ҚР президентінің кезекті сайлауы 4-желтоқсанда өтеді деп жариялады. Сайлауды өткізуге қатысты негізгі шаралардың жоспарына сәйкес, президенттіктен үміткерлерді тіркеу 3-қазанда, яғни, сайлау басталардан екі ай бұрын аяқталады.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті