Қазақстан қант пен өсімдік майының ішкі рыногын қорғауды одан әрі жалғастырмақ ниетте

"Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, 2008 жылы күнбағыс тұқымын өндіру көлемінің қысқаруы мен оның азық-түліктік мақсатта емес, биоотын өндірісі саласында қолданылу аясының кеңеюіне байланысты өсімдік майының әлемдік бағасының өсімі одан әрі жалғасады. Осыған сәйкес, күнбағыс тұқымы мен бірқатар өсімдік майларының түрін экспорттауға салынған тыйым мерзімін ұзарту жөніндегі шешімді тездетіп қабылдауды сұраймыз", - деді министр.

Министрдің пайымдауынша, қалыптасқан ахуал ішкі рынокты қорғау бағытында қабылданған шешімнің дұрыстығын паш етеді. "Қаңтар айында қант өндіру көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 2,4 есе, 8 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін өсті, бірақ бағасы өзгерген жоқ", - деді ол.

Сонымен бірге, А. Есімовтың айтуынша, сыртқы рыноктарға жүргізілген мониторинг Қазақстанмен салыстырғанда Ресейдегі қант бағасының біршама жоғары екенін көрсеткен. "Ресейдегі зауытта бір тонна қанттың бағасы $790 тұрса, Қазақстанда - $688 тұрады. Бұл ақ қанттың жақын шетелге шұғыл шығарылуына алып келуі мүмкін. Кеден қызметтері қантты Қазақстаннан заңсыз шығару деректеріне тиісті назар аударуы қажет", - деді А. Есімов.

Ол бұған қоса Төтенше жағдайлар министрлігімен қандайбір шұғыл ахуалда ішкі рынокта сатылатын өсімдік майы, қант пен күріш сатып алуға келісім жасалғанын хабарлады.