Қазақстан қару-жарақ пен әскери техниканың Парижде өтетін көрмесіне қатысады

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан мен Францияның әскери мекемелерінің өкілдерінің ҚР Қорғаныс министрлігінде өткен кездесуі барысында Франция қорғаныс министрлігінің қару-жарақ жөніндегі бас инженері генерал Ален Кост Қазақстан қарулы күштерінің басшылығын биыл жазда Парижде өтетін қару-жарақ пен әскери техниканың көрмесіне келіп қайтуға шақырды.

"Қазақстандық әскерилер көрмеге жай баруды ғана емес, әскерге жуырда берілетін жаңа қару-жарақ үлгілерімен Парижді тәнті етеді. Атап айтсақ, Қазақстан жаңартылған артиллериялық жүйелер : Д-30 "Семсер" гаубицасы, 120 миллиметрлік "Айбат" минометі мен "Найза" атты дүркін-дүркін оқ жаудыратын реактивтік жүйесін паш етеді, -деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Министрлікте өткен кездесу барысында екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастық, екі жақты келісімдерге қол қою перспективасы секілді мәселелер талқыланды.

ҚР қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Қажымұрат Маермановтың айтуынша, Францияның "Талес" кәсіпорнының өнімдері техникалық талаптар бойынша "Қазақстан армиясын толық қанағаттандырады. Атап айтсақ, зымыран әскерлері мен артиллериялар жабдықталған радиостанциялар талап үдесінен шықты".