«Қазақстан қол жеткізген экономикалық және саяси реформалар азиялық өңірге керемет үлгі болды» - Абдулла Гүл

Қазақстанның даму жылдарында Түркия республикасы әрқашан әріптестік танытып, саяси-экономикалық байланысын нығайта түсті. Осы жылдар ішінде екі ел басшылары берік достықтың негізін қалап, тату қарым-қатынастың алтын діңгегін орнатты.

Түркия тарапының адал ниеті мен Қазақстанға деген оң көзқарасын, Елбасымыз Н.Назарбаевқа деген құрметін, бастамаларына қолдауын Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің әр жылдары жазған құттықтау телеграммалары мен хаттарынан аңғаруға болады.

«ҚазАқпарат» ХАА екі ел достығының куәсіндей болған осы  хаттардан үзінділерді оқырмандар назарына ұсынады.

Абдулла Гүл, Түрік Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі (2006 жылғы инагурация кезінде жолдаған хаттан)

«Қазақстан қол жеткізген экономикалық және саяси реформалар азиялық өңірге керемет үлгі болды. Алдағы жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен сіздің ел  бұдан да табысты даму мен гүлдену жолына  түсетініне сенімдімін».

Абдулла Гүл, Түркия Президенті

«Сіздің көрегендік басшылығыңызбен Қазақстан үлкен жетістікке жетті және халықаралық қауымдастықта елдің беделі артты - бұл біз үшін үлкен қуаныш. Қазақстанның жетістіктерін біз өзіміздің жетістігіміз деп санаймыз және оны мақтан тұтамыз».

Абдулла Гүл, Түркия президенті (ЕЫҚҰ саммитінен кейін ҚР Президенті жайлы білдірген пікірі)

«Президент Н.Назарбаевтың рөлін, ЕЫҚҰ төрағасы орынтағындағы  бастамасын атап өткім келеді. Саммит бетбұрысты сәтке айналуы тиіс. Қазақ төрағалығы -  бұл Орталық Азияның біздің ұйымның келешегін айқындауда неғұрлым белсенді рөл ойнауға әзірлігінің тағы бір мысалы. Нұрсұлтан Назарбаевқа көшбасшылығы үшін алғысымды білдіргім келеді.


Президент Назарбаевқа саммитті ұйымдастыруға орасан үлес қосқаны үшін алғыс білдіргім келеді. Әңгіме қайшылықты еңсеру, ынтымақтастық негізінде жұмыс істеуге біздің әзірлігімізді растау үшін бірегей мүмкіндік жайында болып отыр».

Абдулла Гүл, Түркия Республикасының Президенті (Н.Назарбаевтың 2011 жылғы сайлауда жеңіп шығуына байланысты жолдаған хатынан)

«Сайлау тыныштық, ашықтық ауанында өткеніне қуаныштымын. Сізді елдегі жоғары лауазымға сайлай отырып, Қазақстан халқы Сізбен тағы да үлкен үміттерін байланыстырды.

Біз барлығымыз Сіздің кемел, көрегенділік саясатыңыздың арқасында Қазақстан гүлденген мекенге айналғанына  куә болдық және сіздің еліңіз күннен күнге халықаралық аренада беделін арттыра түсуде. Біздің бауырлас елдер арасында достықты нығайтуға қосқан сіздің жеке үлесіңізге баға жетпейді. Біздің  стратегиялық әріптестігіміздің келешегі зор екеніне сенемін».