Қазақстан қор биржасында Өскемен титан-магний комбинатының 15,5 проценттік мемлекеттік акциялар пакетінің 10 процентін сату шарасы басталды

Бір акцияға бастапқы ұсынылған баға 15 мың теңгені құрайды.

ҚР қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті 167260 қарапайым акциядан құралған мемлекеттік пакетті (15,5%) екі лотпен сатуға шешім қабылдады. Атап айтсақ, 107910 акция немесе пакеттің 10 проценті біртұтас лотпен сатылса, 59350 акция немесе 5,5 проценті бір акциядан сатылады.
"Өскемен титан-магний комбинаты" ААҚ жоғары сапалы титан құймасы мен тауарлық сипаттағы магний өндіреді.
Компанияның ірі акционерлерінің қатарында Бельгиялық Specialty Metals Company (65,77%) компаниясы, ҚР қаржы министрлігі (15,5%), "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" (7,28 %) бар.