58 келідегі Нұрсұлтан Мамаев қоржынға қола жүлде салды. Мамаев бірінші кезеңде ресейлік Жанат Ысқақовты 7:1 есебімен жеңсе, екінші кезеңде хорват спортшысы Ловре Брекичпен өткен жекпе-жектің негізгі уақытында жеңімпаз анықталған жоқ. Қосымша уақытта жерлесіміз маңызды соққы жұмсай білді. Үшінші кездесуде британиялық Даррен Чепман жерлесімізден 1:14 есебімен жеңілді. Алайда, жартылай финалда неміс спортшысы Левент Тунжат 9:2 есебімен Мамаевтың алдын орады. Қолда - қола жүлде. Бұл Нұрсұлтан Мамаевтың Лондон Олимпиадасына қатысып келгеннен кейінгі алғашқы ірі жеңістерінің бірі, деп хабарлайды alasharena.kz.
Ал «French open» лицензиялық турниріне қатысқан 67 келідегі Феруза Ергешова ширек финалда сүрінді. Бразилиялық Фернанда Соуза мен испан қызы Сандра Роделасты жеңген Феруза аса тартысты өткен ширек финалдық бәсекеде швейцариялық Нина Клайға 3:6 есебімен есе жіберді.
68 келіде ел намысын қорғаған үш таэквондошы - Әлихан Адамбектегі, Қайрат Сарымсақов және Исламғали Әбуовтер тиісінше бірінші және екінші айналымдарда жеңіліс тапты.