Қазақстанның нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде Ресейдегі сауда өкілділігін жабу туралы үкімет қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Қазақстанның сауда және интеграция министрлігінің "Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы сауда өкілдігі" мемлекеттік мекемесі таратылсын" делінген құжатта.
Бұған дейін сауда және интеграция министрлігі Ресейдегі өкілдікті жабу себебін түсіндірген.
"Ресей Федерациясымен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін ескере отырып, мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру аясында Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігін тарату туралы шешім қабылданды", - делінген ақпаратта.
Қазіргі кезде қазақстандық бизнестің ресейлік бағытта жұмыс істеуі және барлық операциялық мәселені шешуі үшін институционалдық жағдай жасалған. Сондықтан сауда өкілдігінің қажеті болмай қалды.
Қазақстан мен Ресей Федерациясының сауда-экономикалық ынтымақтастығы бойынша одан әрі жұмыс Ресейдің барлық ірі қаласы мен аймақтарындағы "QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы" АҚ серіктес желісі арқылы да жалғаса береді.