Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеше мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен және Ресейде жексенбіде өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті.
"Д.Медведев Қазақстанда бірнеше мәрте болғанын және елімізді Ресейдің ең сенімді әрі жақын одақтасы деп санайтынын мәлімдеді. Ол екі ел арасындағы дәстүрлі достық қарым-қатынастар мен көп жақты экономикалық әріптестік бауырлас халықтың игілігіне барған сайын қарқындана дамитынына нық сенім білдірді",- делінген Қазақстан президентінің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ресейдің қазіргі басшысымен әңгіме кезінде Нұрсұлтан Назарбаев оны Ресей Федерациясының президенттігіне Владимир Путин қолдау білдірген кандидаттың жеңісімен құттықтады.
Қазақстан президенті сондай-ақ В.Путиннің президенттігі кезеңінде Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы барлық салада - саясатта, экономикада, қорғаныс ынтымақтастығы мәселелерінде, мәдени-гуманитарлық байланыстарда мүлдем жаңа деңгейге жеткенін атап көрсете отырып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға сіңірген зор үлесі үшін оған ризашылығын білдірді.
Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, оған Ресей мен Ресей халқының игілігі жолында жаңа лауазымда табыстар тіледі. Қазақстан көшбасшысы екі елдің одақтастық қатынастарының өскелеңдікпен дамитынына, саяси және экономикалық салаларда шарттық-құқықтық ынтымақтастық базасының одан әрі кеңейетініне сенім білдірді.