Көрме 2008 жылдан бері жемісті өтіп келе жатқан "Алға ұмтылған Қазақстан" атты аймақаралық көрме жобасы аясында өткізіледі.
Бұл көрмеге Оңтүстік Қазақстан өңірінің ғасырлар қойнауынан сыр шертетін тарихи, археологиялық, сәулет және бейнелеу өнерінің үздік жәдігерлері қойылған.
Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында көнеден сыр шертетін қалалар мен кенттердің, қорғандардың, түрлі мәдени ескерткіштердің, ғажайып сәулет өнерінің баға жетпес үлгілері, тұтастай және жартылай сақталған қалдықтары, аз ғана бөліктері, жойылуға шақ тұрған қиындылары көп-ақ. Осы өлкенден шыққан Әбу-Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Қорқыт ата жырлары өшпес мұраға айналған.
Экспозиция үш залда орналасқан. Үлкен Банкет залында ұлы данышпан, ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы Қожа Ахмет Яссауи құрметіне салынған "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы қорынан әкелінген сан ғасырлық тарихы бар баға жетпес көптеген қазыналар қойылған. Облыстық тарихи өлкетану музейі қорының атақты "Отырарлық қазыналарын" да көруге болады. Кіші банкет залында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің материалдық мәдениеті мен көркем шығармашылықтың ең үздік туындылары, сонымен қатар археологиялық жәдігерлері мен кітап қорлары қойылған. Түскі ас залында - Ш.Қалдаяқов пен Қ. Мұңайтпасов сияқты тұлғалар әлемімен және оңтүстік қазақстандық суретшілердің туындыларымен танысуға болады.
Көрме ашылар алдында қонақтар музей алаңында Оңтүстік Қазақстан шеберлері құшағын айқара ашқан "Шеберлер қаласының" сәндік-қолданбалы өнер туындыларымен танысып, сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Халима Жантөрееваның әйелдерге арналған ұлттық киім үлгісінің жиынтығы көрсетіледі. "Тұмар" этнографиялық ансамблі көрмені әуенмен көркемдеп, Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары орындалады.
"Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі" көрмесі 25 шілдеге дейін жалғасады.