Криминалдық полиция комитетінің ақпаратына сүйенсек, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің сыбайлас қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Сейфуллин көшесінің бойындағы қонақ үйден бір әйелді тапқан. Ол басқарма қызметкерлеріне өзін 22-қазан күні белгісіз біреулер Қарағанды қаласынан ұстап алып Алматыға жеткізілгенін және онда жеңгетайларға 120 мың теңгеге "сатылғанын" айтқан. Қонақ үй қожайыны тұтқындалған. Бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша кешенді шұғыл іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлерінің хабарлауынша, республика бойынша екі адам ұрлау фактісі, пайдалану мақсатында бес бас бостандығынан айыру фактісі тіркелген. Мысалы, Ақмола облысының полиция қызметкерлері "сауналардың бірінде 15 жасар қызды заңсыз ұстап келген және оны қорқыту, күш көрсету жолымен ақылы жыныстық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген" Көкшетау қаласының екі тұрғынын қамауға алған.
"Операцияны жүргізу кезінде 38 жеңгетайлық және жезөкшелерді ұстау оқиғасы, 5 жезөкшелікпен айналысуға тарту дерегі анықталды. Шығыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Риддер қаласында орналасқан дәмхана-саунаның үш барменін қамауға алған. Олар ұзақ уақыт бойы өз тұтынушыларына арнайы ақыға жыныстық қызмет көрсету үшін қыздарды ұсынып келген", - деп хабарлады Криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері.
Операция жүргізу барысында жезөкшелікпен айналысатын 22 орын, 30 жеңгетай және жезөкшелікпен айналысатын 339 тұлға анықталып тіркеуге алынды. Ішкі істер органының арнайы мекемесіне аты-жөнін анықтау үшін коммерциялық жыныстық қатынаспен айналысатын 57 тұлға әкелінді. Олардың 35 ТМД елдерінің азаматтары, оның ішінде екеуі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер екені белгілі болып отыр.
Адам саудасы, жеңгетайлық, жезөкшелікпен айналысу орнын ұстау, жезөкшелікпен айналысуға тарту, адам ұрлап әкету және пайдалану мақсатында бас бостандығынан айыру деректерін анықтау жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады Криминалдық полиция комитетінің қызметкерлері.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті