Қазақстан Республикасындағы сақтандыру рыногын дамыту жөніндегі 2004-2006-жылдарға арналған бағдарламаны 1-маусымға дейін бекіту көзделіп отыр

Б.Жәмішевтің түсініктемесіне жүінсек, "қазір бағдарламаға қатысты басты мәселелер үкіметпен келісілуде. Кейбір жекелеген проблеманың ғана басы ашық күйінде қалып отыр. Бағдарлама жобасы келісіле сала оған қол қойылады".

ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Қанат Досмұхаметовтың хабарлауынша, "бағдарлама жобасын жасаудағы басты мақсат - нақты бір көрсеткішке қол жеткізу емес, жалпы сақтандыру индустриясын одан әрі дамыту болмақ".
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында "бір жағынан сақтандыру рыногы көрсеткіштерінің қарқынды өсуін қамтамасыз ету, келесі жағынан сақтандыру ұйымдарының қаржылық тұрақтылығын мен төлемдік қабілетін арттырып, капитал мөлшеріне қойылатын талапты қамтамасыз ету" міндеті қойылады, деді ол.
Сондай-ақ, бағдарламаны жүзеге асыру барысында сақтандыру заңдарын, соның ішінде өмірді сақтандыру саласындағы заңды жаңалау, аннуитеттік компания құру, салық салу тәртібін жетілдіру, интеграциялы сақтандыру статистикасы жүйесін құру көзделіп отыр.
Бағдарламаны жүзеге асыру барысында 2007-жылы дегенде сақтандыру сыйақысының жалпы көлемі 3-3,5 есе өсіп, Жалпы Ішкі Өнім құрамындағы сақтандыру сыйақысының үлес салмағы 2 процентке дейін артады деп күтілуде.
Қанат Досмұхаметовтың мәліметі бойынша, "соңғы үш жылда сақтандыру рыногының көрсеткіштері қарқынды өсу ағымы байқалды. Сақтандыру компанияларының жиынтық активтері мен сақтандыру резервтері 1,5 есе өсіп, жеке капиталының өсімі 130 процентті құрады. Дейтұрғанмен, қазіргі таңда Қазақстан сақтандыру сыйақысын Жалпы Ішкі Өнімге шаққандағы көрсеткіш бойынша Шығыс Еуропа мен Ресейді алға жіберіп алды. Елімізде бұл көрсеткіш 0,66 процент болса, Ресейде 3, ал дамыған елдерде 8-10 процентке тең".