Ұлттық комиссия төрағасы Болат Өтемұратовтың айтуынша, "комиссияның алдағы жұмыс бағыттарын айқындауға бағытталған бүгінгі мәжілістегі бүкіл ұсыныстарды осы жұмыс тобы бір арнаға біріктіріп, сараптап баға беру арқылы келесі отырыста оларға қатысты ұсыныстарын ортаға салады". "Комиссияның келесі бас қосуында мемлекеттік бағдарламаның жобасын жасауға қатысты негізгі көзқарастар мен оның құрылымына қатысты мәселелерді талқылап бекітсек дұрыс болар еді",- деді комиссия төрағасы.
Бүгінгі отырыста комиссия мүшелері Қазақстандағы түрлі партиялардың бағдарламаларында ортақ көрініс тапқан бағыт-бағдарларды, сондай-ақ, Елбасының саяси реформалар мен азаматтық қоғам құру саласындағы соңғы бастамаларын мемлекеттік бағдарлама аясындағы шараларға негіз етіп алу туралы Б.Өтемұратовтың ұсынысына дауыс берді. Сонымен бірге комиссия алдағы мәжілістерде парламенттің ролін күшейту, Қазақстанда присяжныйлар сотын енгізу, соттарға қылмысқа күдіктіні тұтқындау туралы санкция шығару құқығын беру жөніндегі мәселелерді қарауға дайындала бастауға дауыс берді. "Бұл тез арада нақты нәтижеге жетуді талап ететін ең көкейкесті мәселелер",- деді Б.Өтемұратов.