Жұмыс бағдарламасы аясында министр облыстық ведомстволардың, бюджеттік саладағы кәсіпорындар мен ұйымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен, сондай-ақ, ардагерлермен кездесті. Министр 2008 жылдың 1-қаңтарынан бастап зейнетақының көбейетіндігіне байланысты мәселелерді қозғады. Кейбір зейнетақы қорлары үшін министрлік және үкімет тарапынан істеліп жатқан жұмыстар жайында баяндады. Барлық кездесулердегі басты сұрақ бағаның өсуіне арналды.
Министрмен еріп жүрген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Маңғыстау облысы нанның қымбаттауына байланысты халықтың әлеуметтік қорғалмаған және аз қамсыздандырылған бөлігіне Қазақстанда алғашқылардың бірі болып өтемақы төлеу жөнінде шешім қабылдағанына басты назар аударды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Маңғыстау облысы тағы да бірінші болып аймақтық коэффициент, оның ішінде, бюджеттік сала қызметкерлеріне қатысты коэффициент мәселесін Қазақстан Республикасы үкіметінің талқылауына шығарғанын атап өтті.
Кездесу барысында облыс әкімі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбек ақысына қосымша ақы төлейтін шығыс баптарын бюджетке енгізуде облыс мәслихатының құқығы жөніндегі мәселені қарастыруды ұсынды.
Негізгі азық-түлік өнімдеріндегі баға саясатының жағдайымен танысу мақсатында Бердібек Сапарбаев Ақтау қаласының сауда орталықтарының бірінде болды. Ол жерде министр сатып алушыларға "енді негізгі азық-түлік өнімдеріне баға қымбаттамайды" деп мәлімдеді.
Одан әрі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі облыстық қарттар үйінде зейнеткерлермен, мүгедектермен және соғыс ардагерлерімен кездесті. Министр қарттарға 2008 жыл шыға сала берілетін зейнетақы көлемі туралы жан-жақты түсіндірді.
Сондай-ақ, облыс әкімшілігінде министрдің оралмандармен кездесуі болып өтті. Оралмандарды орналастыру, тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Көші-қон қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Маңғыстау облысына оралмандардың 33 пайызы квота бойынша, ал қалғаны ешқандай мамандықсыз өз еріктерімен келуде.
2008 жылы Маңғыстау облысында оралмандарды қайта даярлау (бейімдеу және реабилитациялау) орталығын салу жоспарланып отыр. Ол көшіп келушілердің қазіргі кездегі бірқатар мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті