Күндіз Тараз қаласына келген премьер тура тікұшаққа отырып жағдаймен оқиға орынында танысу үшін Шақпақ асуына аттанды. Мұнда ол бірқатар тұлғалармен қысқаша жиналыс өткізді. Олардың әрқайсысы премьерді асуда орын алған төтенше жағдай салдарын жою үшін мекемелер қолданып жатқан шаралар туралы мәлім етті.
Атап айтқанда, ішкі істер вице-министрі Алик Шпекбаев: "ішкі істер органдарының міндеті - тонаушылықты болдырмау", - деді. Көлік және коммуникация вице-министрі Қасымбек Жеңіс министрлік асуда қалып қойған көліктерді жанар-жағармаймен қамтамасыз етумен айналысады, деді.
Жиналысқа сондай-ақ, төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин қатысып, премьерді жағдайды түзету бойынша жұмыстардың қалай жүргізіліп жатқандығы жөнінде таныстырды.
Кәрім Мәсімов 2005 жылы болса да, тағы қайталанып отырғанын ескертіп, осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонан соң премьер-министр сәрсенбі күні апат орын алған Жамбыл ГРЭС-іне барды. К. Мәсімовтың тапсырмасымен Жамбыл ГРЭС-індегі жағдайды қадағалау және күн сайын үкімет басшысына хабарлап тұру үшін энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Дүйсембай Тұрғановтың жетекшілігімен шұғыл штаб құрылды.
Агенттік тілшісінен өзінің аты-жөнін атамауды өтінген тұлға "кеше ГРЭС-те үш блокты тоқтатуға тура келген. Ол оның жұмысына айтарлықтай ықпал етті", деп хабарлады.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 27-желтоқсан күнгі жағдай бойынша жергілікті аймақты шолу және қар тұтқынында қалған көліктердің жүргізушілері мен жолаушыларын эвакуациялау жүргізілген. Шұғыл әкетілген адамдар саны 1400-ден асады. Олар алғашында Шақпақ, Амансай, Ынтымақ, Бауыржан Момышұлы елді мекендеріне орналастырылып, тамақпен және қажетті дәрі-дәрмекпен қамсыздандырылған.
26-желтоқсан күні олар Шымкент және Тараз қалаларына теміржолмен және автокөліктермен жеткізілген. 2 күн ішінде Тараз қаласына 450 адам, Шымкентке 550 адам тасымалданған. Жарақат алғандар жоқ. Қалған жолаушыларды Бурное теміржол станциясына дейін жеткізу үшін Шақпақ ата елді мекенінен 5 "Газель" микроавтобусы мен 4 "ПАЗ" автобусы дайындалған.
Естеріңізге сала кетсек, 23-желтоқсан күні Жуалы ауданының аумағында батыс бағыттағы желдің жылдамдығы секундына 20-25 метрге дейін көтеріліп, соңы қатты жауған қар мен қарлы бұрқасынға айналған болатын. 12 сағат ішінде 20 см-ден астам қар жауып, қатты соққан желдің қарды үрлеуі айналаның көрінбеуіне және көлік магистралдарын жылдам қар басып қалуына алып келген.
Нәтижесінде Шымкент -Тараз бағытындағы көлік магистралының жалпы ұзындығы 50 шақырымдық Шақпақ асуы - Бауыржан Момышұлы ауылы - Құйық бөлігі толығымен қар жамылғысының астында қалған. Қар қалыңдығы кей жерлерде 4 метрге дейін жеткен.