Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Ұлттық қорды инвестициялық жобаларды қаржыландыруға пайдалану мүмкіндігіне сын көзбен қарайды

"Бүгінгі күні ақшаға байланысты проблема көп емес (даму институттарында - "Қазақстан Бүгін" агенттігінің ескертпесі), ... бірақ, өкінішке орай, даму институттарының жарғылық капиталын ұлғайту секілді жобалардың лайықты санын біз, әзірге, көріп отырғамыз жоқ. Сондықтан, бізге Ұлттық қорды да беріңдер деушілерге жауабым: сіздер болашақ ұрпаққа арналған қор қаражатын жұмсауға жарайтындай жобаларыңызды бірінші көрсетіңіздер. Біз, өз кезегімізде, оны, Ұлттық қорды беруге дайынбыз", - деді Н. Коржова.

"Біз бюджет қаражатын бөлеміз. Алайда, өте өкінерлік жағдай, оның барлығы инвестициялық жобаларға кетіп жатқан жоқ. Яғни, жобалар аясы өте тар. Сондықтан, бұл мәселеде қосымша қаражат тартуды қажет ететін жобалар тізімі бірінші кезекте тұруы қажет. Біздің қолымызға нақты жобалар, нақты өндірістер жөннідегі жобалар топтамасы келіп түскен кезде бұл жобаларды жүзеге асыру үшін қанша көздерден қаншалықты қаражат тарту қажет екендігін айқын көретін боламыз. Ал бүгінгі күні бізде жағдай былай болып тұр: сіздер бізге шама келгенше көбірек ақша берсеңіздер, соған сәйкес жобалар сол кезде пайда болады деген пікір бар", - деді министр.

Қаржы министрінің ойынша, елімізде " қазір үкіметтен тек жол, энергетика және мамандар оқытып беруді ғана өтініп отырған, өз ақша қаражатын өндірістің дамуына салуға әзір көптеген кәсіпкерлер бар". "Бұған мемлекет жанама түрде қатысуға дайын. Бірақ, бұған бюджеттен көп ақша керек. Немесе мемлекеттің кепілдігі керек. Яғни бюджет есебінен, әйтпесе, мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі шеңберінде жүзеге асыру қажет", - деп атап көрсетті Наталья Коржова.

"Ұлттық қор қаражатына келер болсақ, бұл да бір өзінше жер қойнауы, немесе қаржы көзі, ол бірақ ақшалай түрде және ол тұжырымдамасына сәйкес ертеңгі күні ақталмай қалуы мүмкін жобаларға салуға емес, өзге мақсаттарға арналған", - деп санайды Н. Коржова. Оның үстіне, министрдің ойынша, "Ұлттық қордағы қаржы Норвегия немесе Кувейт қорларымен салыстырғанда айтарлық ауқымды да емес, ал ЖІӨ-ге шаққандағы пайыз мөлшері бойынша ешқандай көптік байқалмайды".

Сонымен қатар, Қаржы министрі "бүгінгі күні біз мемлекет ретінде болашақта міндетті түрде өз құнын ақтайтын жобаларға, мысалы, ірі мұнай немесе газ жобаларына қатысу тиімді болатын экономиканың даму сатысына келіп тұрмыз. Міне, осындай жобаға Ұлттық қор қаражатын салсақ, шартты түрмен айтқанда қандай да бір ірі трансфертке, ал бұл қаражат бірнеше ондаған жылдан кейін үлкен өсіммен қайтып оралатынын ескерсек, онда Ұлттық қорды пайдалануға болады. Соның өзінде, мұның барлығын саналы түрде есептеп, саналы түрде бару керек. Ал ұлттық қор ақшасын қазіргі кезде жекеменшіктің немесе даму институттарының қолынан келетін кішігірім инвестициялық жобаларға бөлшектеп салу арқылы қаражатты жоғалту мүмкіндігін қате пікір деп санаймын", - деп өз ойын білдірді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Астана қаласында 21-қыркүйек күні өткен "Экономикалық дамудың Қазақстандық үлгісі: жаңаша қатерлер мен келешек" атты халықаралық экономикалық форум аясында "Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов үкіметтің ел аумағындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қор қаражатын тарту мүмкіндігі мәселесін қарастыру қажеттігі туралы ой тастаған болатын. Оның ойынша, экономиканың "күйіп" кету және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану қаупінен бөлек Қазақстан үшін басты қатерлердің бірі - шикізат мемлекеті болып қалу. "Біз келер ұрпаққа шикізат мемлекетін қалдырмауымыз керек. Сондықтан, болашақ ұрпақ қоры келер ұрпаққа мұраны ақша ретінде емес, инфрақұрылымның, өнеркәсіптің және ең бастысы білім беру және денсаулық сақтау жүйесі ретінде қалдыруға жұмыс істеуі қажет", - деп атап көрсеткен болатын "Қазына" басшысы.

"Ұлттық қор бүгінгі күні өзінің макроэкономикалық стерилизациялық функциясын тамаша орындап отыр. Оның бүгінгі мөлшері (ол жыл аяғына дейін 20 млрд $-ға жетпек, ал 2010 жылға қарай онда 40-50 млрд $-дан да асып түсуі мүмкін) - біздің тек макроэкономикалық функцияларды ғана емес, келер ұрпақ қорының функциялары туралы да ойлануымыз қажет екендігін көрсетіп отыр. Яғни, бүгінгі күні біз келер ұрпақ қоры жайлы сөз қозғағанда біз бұны белгілі бір көлемдегі ақшаны қор ретінде сақтап, оны келер ұрпақтың қоры деп есептеуді білдірмесе керек", - деді "Қазына" қорының Басқарма төрағасы.

"Мен кезінде Ұлттық қорды өте мұқият пайдалану керек дегендердің қатарында болғанмын. Бұл сол кез үшін дұрыс шешім болды деген ойдамын. Алайда, Ұлттық қор қаражатын бұдан әрі де тиімсіз пайдалану елдің дамуына кері әсер ететін уақыт күн сайын жақындай түсуде", - деді Қайрат Келімбетов. "Мұндай мүмкіндік (Ұлттық қор қаражатын экономиканы әртараптандыру үшін пайдалану - "Қазақстан Бүгін" агенттігінің ескертпесі) туралы ойлайтын кез келгендігі шындық", - деді, сондай-ақ, "Қазынаның" басқарма төрағасы.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті