Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшісі Ресей өңірлерін жұмыс сапарымен аралауға шықты

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қ.Көшербаевтың 1-наурызда басталған жұмыс сапары шекаралық және аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауын насихаттау мәселелеріне арналған.

Бағдарлама бойынша елші алдымен Кемерово облысына барды. 1-наурыз күні түс қайта Қазақстандық өкілдер "Ұлы отан соғысы жылдарында опат болған кузбастықтарға арналған ескерткішке" гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін облыстық әкімшілікте Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеевпен кездесу өтті. Кездесуде Қазақстан аймақтары мен РФ Кемерово облысы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесі талқыланды. Атап айтсақ, тараптар өңірлер арасындағы шаруашылық байланыстарды пәрмендендіруге кедергі болып отырған әкімшілік тосқауылдарды жоюға нақты шаралар қолдануға келісті.
Губернатормен келіссөздерден кейін "ЕурАзЭҚ іскерлік кеңесі", "ТұранӘлемБанкі" мен Кемерово облысы үкіметінің арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сол күні аймақааралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтіп, оған "ЕурАзЭҚ іскерлік кеңесі" қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковец, Ресей және Қазақстан жағының шекаралық ынтымақтастық жөніндегі ішкі комиссияларының тең төрағалары мен екі елдің іскертоп өкілдері қатысты.
Елшілік баспасөз қызметінің хабарламасында атап көрсетілгеніндей, қазіргі жағдаймен Кузбасқа шығарылатын импорт көлемі бойынша Қазақстан бірінші орында. Ал Кузбасстан Қазақстанға шығарылатын экспорт үлесі 53 процентке тең. Экспорттың 90 процентін отын және металлургия саласының өнімдері иемденеді. 2003-жылы Ресейдің Кемерово облысы мен Қазақстанның Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстары арасында өзара тиімді ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту туралы келісімдерге қол қойылған. 2004-жылы Кемерово мен Новокузнецк қалаларынан Өскеменге қатынайтын екі автобус маршруты ашылды. Алдағы жылы Павлодарға қатынайтын қосымша бағыттарды іске қосу көзделіп отыр.