Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеше Ресейдің бірқатар БАҚ-тарында Оңтүстік Федералдық округ бойынша Ресей бас прокурорының орынбасары Сергей Фридинскийге сілтеме жасай отырып, Бесландағы мектепті басып алған лаңкестік топ құрамында түрлі ұлт өкілдері, соның ішінде қазақтар да бар деп мәлімдеген болатын.
Қазақстан СІМ де еліміз азаматтарының, немесе, Қазақстанға қатысы бар адамдардың осынау лаңкестік әрекетке қатыстылығы туралы шынайы ақпарат алуға басқа да шаралар қолданды.
Ресейдің құқық қорғау құрылымдарының өкілдері лаңкестік әрекетке қазақстан азаматтарының немесе қазақ ұлты өкілдерінің қатысуы туралы ақпаратты растай алмай отыр.
Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінің қолына түскен мәлімет бойынша, лаңкестік топтың құрамында Қазақстан аумағында туған шешен және ингуш ұлтының өкілдері болған. "Алайда, бұл дерек олардың Қазақстанға қатысы бар деген уәж айтуға негіз бола алмаса керек. Өйткені, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қуғын-сүргін салдарынан қазіргі ересек жастағы шешендер мен ингуштардың басым бөлігі Қазақстанда туған",- делінген хабарламада.
ҚР СІМ өкілдерінің пікірінше, жоғарыдағыдай шиеленісті жағдайларда лауазымды тұлғалар мен бұқаралық ақпарат құралдары түрлі дақпырттар мен эмоцияға жол бермеу үшін тексерілген деректер мен обьективті бағаға арқа сүйегені жөн.
Ал Қазақстан халқы лаңкестердің Бесланда жүзеге асырған адамшылықтан жат, жалмауыздық әркеттері үшін ресейліктермен бірдей қайғыруда.