Қазақстан Республикасының Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Мәскеудегі жұмысына кірісті

Бұған дейін Ресейдегі елшілік қызметті атқарған Алтынбек Сәрсенбайұлы өзінің дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты жуырда Ресейдің бірқатар ресми өкілдерімен хаттамалық кездесулер өткізген. Атап айтсақ, А.Сәрсенбайұлы РФ үкімет басшысының орынбасары Виктор Христенкомен және Владимир Яковлевпен, көлік министрі Сергей Франкпен, сыртқы істер министрінің бірінші орынбасарлары Вячеслав Трубниковпен және Валерий Лощининмен, сондай-ақ, Ұжымдық қауіпсіздік келісімі жөніндегі ұйымның бас хатшысы Николай Бордюжамен кездесті.

Жүздесулер барысында әр саладағы екі жақты ынтымақтастық мәселелері әңгімеге өзек болды. Өткен екі жыл Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы үшін айрықша жемісті жылдар болғаны атап өтілді. Қазақстан мен Ресейдің өзара серіктестігі басқа елдер үшін үлгіге айналып отыр. Ресейдегі Қазақстан жылын өткізу туралы идея жүзеге асырылып, ол Қазақстандағы Ресей жылына өз эстафетасын жалғастырды.
Ресейлік өкілдер Ресей Федерациясындағы Қазақстанның дипломатиялық миссиясының басшысы қызметіндегі А.Сәрсенбайұлының іс-қызметіне жоғары баға берді.