Астанада журналисттерге ұлттық экономика вице-министрі Қайырбек Өскенбаев: "Екі елдің арасында ешқандай сауда соғысы жоқ. Ресей біз үшін ең жақын әрі дос мемлекет”, - деп мәлімдеді.
"Елдің қауіпсіздігі деген мәселелер бар, сол себепті қай елден болмасын әкелінген азық-түлік талапқа сай болмаса, ешкім ондай тағамды алуға құлшынбайды”, - деді ол. Еске сала кетелік, соңғы кезде Қазақстанда ресейлік өндірістің біраз тағамдары қауіпсіздік нормалары мен техникалық регламентке сай болмағандықтан сатылудан алынып тасталған болатын.
Ол атап өткендей, бұл Ресейге қатысты әңгіме емес, сапасыз өнім шығаратын нақты бір кәсіпкерге байланысты мәселе.
"Бұл мәселені мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтеру қисынсыз нәрсе. Ол қазақстандық, ресейлік, ағылшындық, кәсіпорын орын болсын, айырмашылық жоқ. Біз дастарханымызда сапасыз тағамның болуына жол бермейміз”, -деді ол.