«Қазақстан» РТРК АҚ Павлодар филиалының директоры Бауыржан Айтқазин қол астындағы қызметкерінің «көңілдес болуға шақырды» деген шағымын өзіне жабылған жала екенін дәлелдеу үшін сотқа жүгінді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
– Жақында бұл іске сот арқылы нүкте қойылады, - дейді Бауыржан Айтқазин. - Сол кезде мәселенің мән-жайын анықтап айтып беретін боламын. Ал, әзірге айтарым, бұл менің әріптестерімнің тарапынан жабылған жала. Сондықтан, ешқандай негізсіз тағылған айып екенін дәлелдеу үшін сотқа арыз түсірдім. Қазір іс қаралып жатыр. Ал, оған дейін мен бұл жайға қатысты пікір білдіре алмаймын. Сот шешімін күткендеріңіз дұрыс. Жалпы, бұған дейін БАҚ-ның жазып жатқандарының бәрі өтірік. Журналистер ешқандай дәлелсіз ақпарат берген. Негізі, ҚР "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңның 21-бабы бойынша қандай бір мәселені жан-жақты зерттеп жазған дұрыс. Біреудің аузынан естіген өтірік-өсектің барлығын жаза беру дұрыс емес.