Қазақстан Румынияның транзиттік әлеуетіне қызығушылық танытады- ҚР Елбасы

Екі мемлекет басшысы Қазақстан мұнайын Балқан түбегі арқылы Словенияның Триест және Хорватияның Омишаль айлағына дейін тасымалдауда Румынияның Констанца айлағының инфрақұрылымын пайдалануға жол ашатын ТРАСЕКА көлік дәлізінің мүмкіндігіне қызығушылық білдірді.

"Бұл -екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең бір қызғылықты тұсы",- деді Елбасы.
Сонымен бірге, Н.Назарбаевтың айтуынша, бұл жоба болашақ бағдар ретінде қарастырылуда. Оның жүзеге асу-аспауы Қазақстанда өндірілетін мұнай көлеміне байланысты.
Осы орайда мемлекет басшысы Қазақстанның бүгінде жыл сайын 50 млн. тонна мұнай өндіріп отырғанын, 10 жылдан кейін республика бұл мөлшерді жылына 150 млн. тоннаға дейін жеткізе алатынын ескертіп өтті.
"Жаңа тасымал бағыттарын іздеу қажеттігі сол кезде міндетті түрде туындайды",- деген Н.Назарбаев елдің ішкі тұтыным мөлшері жылына 20-25 млн. тоннаны құрайтынын хабарлады.
Жалпы алғанда, Н.Назарбаевтың айтуынша, Румынияның Констанца айлағын пайдалану - Қазақстан мұнайын тасымалдауда Одесса-Броды, Баку-Тбилиси-Жейхан бағытындағы тасымал маршруттарымен бірдей маңызды.