Қазақстан ШЫҰ аясында ұжымдық өзара көмек бағдарламасын жасап шығаруды ұсынады

"ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық аясында әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталған бірлескен кең ауқымды бағдарламалар жасап шығару басты міндетіміз", - деп мәлімдеді Н. Ермекбаев.

"Осыған байланысты шаруашылық жобаларын жүзеге асырумен қатар шағын және орташа өндірісті дамытуға жәрдемдесу бойынша, суды пайдалану, табиғат қорғау шаралары проблемаларын шешуде іс-әрекеттерді үйлестіру бойынша ұжымдық өзара көмек бағдарламасын жасау көңілге қонымды болып көрінеді", - деп толықтырды ол.

Н. Ермекбаев атаулы, атап айтқанда, аса қымбат емес несие бөлу механизмі арқылы халықтың ең кедей және әлеуметтік қорғалмаған бөлігіне, сондай-ақ, табиғи апаттардан зардап шеккен аудандарға көмек көрсету шаралары ұжымдық өзара көмек бағдарламаларында маңызды орын иеленуі шарт екенін атап көрсетті.

"Мұндай әлеуметтік бағытталған саясаттың жемісі Орта Азия өңірінің кейбір аудандарындағы әлеуметтік шиеленісті азайтып, жалпы саяси ахуалдың тұрақтануына ықпал ететіндігі сөзсіз", - деп атап көрсетті вице-министр.