Қазақстан Сирияға әскер аттандыруы мүмкін

Егер БҰҰ-нан ұсыныс түссе, деэскалация аймақтарына жауынгерлерді жібереміз деді бүгін Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни, «Қазбат» сарбаздары Идлиб, Хомас, Шығыс Гуте мен Сирияның оңтүстігіндегі қауіпсіздікті бақылауға баруы ықтимал, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Бүгін сол Сириядағы соғысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған алтыншы кездесу Астанада өтіп жатыр. Бұл жолы тараптар Сириядағы тарихи нысандарды қиратпау жəне деэскалация аймақтарындағы оқ атуды доғару туралы келісімнің орындалуын пысықтап алмақ. Бүгінгі келіссөздер де əдеттегідей жабық есік жағдайда өтті.

Сирияға бітімгершілік күштерін жіберу үшін алдымен ББҰ-ның мандаты керек. Егер елімізге осындай ұсыныс түссе, деэскалация аймақтары, яғни, Идлиб, Хомас пен Сирияның оңтүстігінде бейбітшілік сақтау үшін Қазақстан өз әсерін жіберуі мүмкін деді бүгін Нұрсұлтан Назарбаев.

Бірақ әзірге БҰҰ-нан ұсыныс түскен жоқ. Бүгін Астанада өтіп жатқан Сириядағы қанды сойқанға қатысты алтыншы кездесуде де тараптар дәл осы деэскалация аймақтарын көбейту, бұған дейінгі келісім талаптарының жүзеге асуын талқылауда. Журналистер Астана процесі өтіп жатқан қонақ үйде таңнан бері жүр. Бірақ күні бойы тараптар есіктерін жауып алып, екіжақты кездесулер өткізді. Тек кешкі 6-дан аса Ресей делегациясын басқарып келген Александр Лаврентьев тілшілерге сұхбат берді. Айтуынша, Идлибтегі жағдайды Иран, Түркия мен Ресей өкілдерінен құрылған комитет қадағалайды.

Əдетте қарулы оппозиция өкілдері жиындарға кешігіп, тіпті келіссөздерге қатыспайтындарын айтып, сан құбылып жататын. Бұл жолы оппозиция тосын мінез танытпады. Қарулы топтан 24 адам келген.


Және Ресей, Түркия мен Иран делегациясы, сондай-ақ, БҰҰ Сирия жөніндегі арнайы өкілі Стаффан Де Мистура келді. Американдық делегацияны АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дэвид Саттерфилд және СІМ саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Науаф Уасфи Тель басқарған Иордания делегациясы да бар. Сирия үкіметінің өкілдері де осында.

Сириядағы соғысты бейбіт шешіммен тоқтатуға тырысқан тараптар осымен Астанада алтыншы рет кездесуде. Келіссөздердің нәтижесі де жоқ емес. Үш деэскалациялық аймақ құрылды. Қаншама адам құтқарылды. Бірақ Сирияда алты жылға созылған соғысты осылай алты-ақ рет кездесіп, тоқтату мүмкін емес. Нұрсұлтан Назарбаев та Сирияда бейбітшілік орнатудың ауылы әлі алыс екенін айтты.

Сондықтан, Астана келіссөздері жалғаса береді. Алтыншы кездесу барысында төртінші қауіпсіз аймақ пайда болуы мүмкін. Және тараптар Сириядағы тарихи ескерткіштерді минадан тазарту туралы ортақ келісімге қол қоймақ. Астана процесі ертең де жалғасады.