Қазақстан «Сочи-2014» Олимпиадасына 40-тан астам спортшы жібермек

«Сочи Олимпиадасына жолдама сарапқа салынатын жарыстарға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жолдама берілетін жарыстар ендігі жылдың қаңтарына дейін болады. Қаңтар айынан кейін ғана біздің ұлттық құрамадан қанша спортшы Ақ Олимпиадаға баратыны белгілі болады. Қазіргі таңда біздің қоржында 22 жолдама бар. Айтар болсақ, биатлоннан 10 жолдама бар, мәнерлеп сырғанаудан - 2, тау шаңғысынан - 3, конькимен жүгіруден - 3, фристаилдан - 3 және 1 жолдама сноубордтан. Бірақ бұл спортшылар әлі әлем кубогінің кезеңдеріне қатысулары шарт, олай болмаған жағдайда ол жолдамадан айырылып қалу мүмкіндігі бар. Сондықтан біз барлық спортшыларды жолдама берілетін жарыстарға қатысуына қажетті қаражатпен қамтамасыз етудеміз. Жалпы жоспар бойынша, біз Сочиге 10 спорт түрінен 40-тан астам жолдама ұтуды межелеп отырмыз. Ванкувер Олимпиадасында бізде 8 спорт бойынша 37 жолдама алынған болатын», - деді Е.Қанағатов.

Оның айтуынша, Қазақстан Ресейде өтетін Олимпиада жарыстарынан 2 алтын жүлде қоржынға салуды мақсат етіп отыр.

«Бізде шаңғы, мәнерлеп сырғанаудан, конькиден, фристайлдан жүлде ала алатын мықты спортшылар бар. Топшылауымызша, Сочиде Ванкувердегі нәтижеден жоғары көрсеткіш көрсету керекпіз. Кем дегенде 2 алтын медаль алуды жоспарлап отырмыз. Ол қай спорт түрінен болатыны жолдамалық жарыстардан кейін әрбір спортшының дайындығына қатысты болады. Атап өтсек, Алексей Полторанин мен Николай Чеботько шаңғы спортынан, Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан, Денис Кузин конькиден, фристайлдан Галышева, Рейхард деген спортшылар, сноубордтан жас спортшымыз - Валерия Цой жақсы өнер көрсетіп жүр, биатлоннан Елена Хрусталева да дайындалып жатыр», - деп түйді сөзін агенттік басшысының орынбасары.