Бұл туралы Үкіметтің pm.kz сайтында хабарланған.
Бүгінгі баспасөз мәслихаты барысында Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Қазақстан спортшылары төрт жылда бір келетін осынау дүбірлі додаға жоғары деңгейде дайындалып жатқанын атап өтті. Қазақстан спортшылары бүгінгі күнге дейін спорттың 24 түрі бойынша 102 лицензияға ие болды.
«Ерлер құрамасының спорттың судағы түрі - су добынан олимпиада лицензиясын иеленуі айтарлықтай жетістік », - деп атап өтті Талғат Ермегияев.
Сондай-ақ, Агенттік төрағасының хабарлауынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша 2 алтын, 7 күміс және 6 қола, барлығы 15 медаль иеленген Қазақстан әлемдік рейтингте медальдар саны бойынша 14-ші орынды, алтын медальдар саны бойынша 22-ші орынды иеленген. Бұл еліміздегі спорттың әлдеқайда алға басқанын көрсетеді.
Мысалы, олимпиада өтердің алдындағы 2007 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте тек 42-ші орынды иеленген.
Баспасөз мәслихаты барысында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияев пен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпиада және ХІV Паралимпиада ойындарына дайындық және қатысу аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум бойынша, Қорға Лондон қаласында өтетін ХХХ жазғы Олимпиада және ХІV Паралимпиада ойындарында ҚР Ұлттық құрамасының ресми әріптесі дәрежесі берілді.