Қазақстан сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ СІМ-лерінің жыл сайынғы кездесуіне қатысады

ЕҚЫҰ осы аптада Мадридте Қазақстанның 2009 жылы ұйымға төрағалық жасау жөніндегі өтінішін қарайды.

Өткен жылғы желтоқсанда Қазақстанның ұйымға төрағалық жасау жөніндегі өтінішін қарау мерзімі сыртқы істер министрлері кеңесінің 2007 жылы Мадридте өтетін 15-ші отырысына дейін кейінге шегерілген болатын.

"Пікірталастар күні бойы жалғасты. Бірақ соған қарамастан біз Қазақстан тиісті деңгейге көтерілгенге дейін күте тұрғанымыз қажет деп санаймыз",- деп мәлімдеді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 14-отырысы аясында Брюссельде өткен брифингте ұйымның сол кездегі төрағасы Карл де Гюхт.

"Қазақстан 2011-жылы ұйымға төраға болумен мүлдем келіспейтіндігі бізге мәлім. Сол себепті біз балама шешімді ұсынбақпыз",- деді К.де Гюхт. Оның айтуынша, ондай шешім - республиканы "бағалау" мерзімін 2007-жылға дейін шегере тұруға саяды. Ал аталған жылы Мадридте Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің 15-отырысы өтетіні белгілі. "Елде жүзеге асырылған реформаларға сол кезде саяси баға беруге болады деп ойлаймыз",- деді ұйым басшысы.

"Осы жолы Брюссельде Қазақстанға қатысты бір жақты пікірге келе алмадық. Біз күте тұрып шешім қабылдауға тиіспіз",- деп қорытты К.де Гюхт.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті