Қазақстан сыртқы істер министрі қазақ-өзбек шекарасындағы оқыс оқиғаға байланысты алаңдаушылық білдірді

Қазақстан сыртқы саясат мекемесінің жетекшісі екі елдің дипломатиялық және шекаралық мекемелерінің желісі бойынша шекарада жоғарыдағыдай оқыс оқиғаларға жол бермеу бағытында бірлескен іс-әрекеттерді пәрмендендіру қажеттігіне Өзбекстан жағының назарын аударды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 30-маусым, сәрсенбі күні "Дархан" шекара бекетінде қазақстандық шекарашылар өзбек номері бар "Жигули" автокөлігін тексеру үшін тоқтатқан. Көлікте жүргізушімен бірге үш жолаушы отырған. Шекарашылар жүргізушіден көліктің жүксалғышын ашуды өтінген кезде жолаушылар көліктен шығып тұра қашқан көрінеді. Ал осы сәтте шегіне жөнелген жүргізуші әскери борышын келісім-шартпен өтеп жүрген 23 жастағы Еркін Палхожаевты қағып кетті. Қазір зардап шегуші ауыр жағдайда ауруханада жатыр.