"Қазақстан темір жолы" 1-сәуірден бастап тарифтерді 8,9% көтереді

Хабарламада "ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің үстіміздегі жылдың 21-ақпанындағы бұйрығымен темір жол көлігімен жүк тасымалына (республикалық (облыс аралық) көмір мен астықтан, сондай-ақ, халықаралық (экспорттық-импорттық) қатынастарда контейнерлік және контрейлерлік тасымалдан басқаларына) магистральдық темір жол желісінің қызметінің тарифы 1-сәуірден бастап 8,9 пайызға қымбаттайды", - деп көрсетілген.

Бұрын хабарлағанымыздай, қаңтар айында ҚР премьер-министрі Кәрім Мәсімов темір жол тасымалына тарифтің көтерілуін үкімет қолдайды деп мәлімдеген еді.

"Біз бұны қолдауға, тарифтік саясатты қайта қарастыруға дайынбыз. Үкімет теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселесінде де қолдауға әзір", - деп атап көрсетті үкімет басшысы. "Алайда сіздер дәл сонша вагон сатып алынады және астық пен мұнай өнімдері дер кезінде тасымалданады деп нақты айта алатындай кепілдік міндеттеме алуларыңыз керек", - деп атап көрсетті К. Мәсімов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" АҚ басшылығына арнап.

"Қазірдің өзінде темір жолды дамытудың екі бағдарламасын үкімет қабылдап үлгерді. Жоспарлар әрқашан ізгі ниетте. Алайда қазіргі нәтижелер қанағаттандырмайды. Әзірге темір жолды дамытудың тоқтаусыз жұмыс істейтін нақты жүйесін жасаған жоқпыз. Әрқашан жаңа мәселелер туындауда", - деді премьер.