Қазақстан темір жолы кәсіпкерлерге олардан заңсыз алынған бір миллиард қырық миллион теңгені қайтарып берді

"Прокурорлық қадағалау актісі бойынша заң бұзушылықтар жойылып, төлемдердің бәрі қайта есептеліп, жеке кәсіпкерліктің 246 субъектісіне олардан заңсыз өндіріліп алынған 348 миллион 400 мыңнан астам теңге қайтарылып берілді", деп хабарлайды баспасөз қызметі.

2006 жылдың 1 қарашасынан 2007 жылдың 26 қаңтарына дейін күшінде болған ҚТЖ заңсыз бұйрығының негізінде дені кәсіпкерлер болып табылатын көлік қызметін пайдаланушылардан жүгі уақытылы түсіріп алынбаған вагондар мен контейнерлерді пайдаланғаны үшін 5 есе көлемде қаржы өндіріліп отырған. Бұл егер вагондар станцияда және тұйық жолдарда 24 сағаттан артық тұрып қалған жағдайда қолданылған шара. Ал ол 48 сағаттан артып кеткен жағдайда әлгі төлем тіпті он есе мөлшерде өндіріліп алынып отырған.

Ал республикамыздың Темір жолдарының уақытша жарғысының 55- тармағында бұл төлемді тек екі есеге дейін ғана арттыруға болатыны айтылған.

Көлік прокурорларының бұдан кейінгі тексерістері көрсеткендей темір жол монополисінің заңсыз әрекеттерінен тағы да жүзден астам кәсіпкерлер зардап шеккен.

"Бүгінгі күні Орталық аймақтық көлік прокуратурасы енгізген ұсыныстары бойынша ҚТЖ 507 тасымалдау субъектісіне заңсыз алынған төлемдерді қайтарды. Кәсіпкерлерден заңсыз өндіріп алынған қаржыларды қайтарып беру жұмыстары жалғасуда", деп хабарлайды мекеме.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті